Бразилия «Үлкен жетіліктің» көмегінен бас тартты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилия «Үлкен жетіліктің» Амазония аймағындағы орман өртін сөндіруге бөлген қаржылай көмегінен бас тартты, деп хабарлады 24.kz.
Оған президент Макронның «жергілікті билік климаттың өзгеруімен жеткілікті дәрежде күреспей отыр» деп айыптауы себеп. Бірақ президент Жаир Болсонару өз шешімін «Үлкен жетілік» елдері Бразилиямен ақылдаспай қабылдады деп түсіндірді. Ал осы елдің Франциядағы елшісі көмекті «елдің ішкі істеріне араласу» деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Францияда бас қосқан «Үлкен жетілік» Бразилияға орман өртімен күресуге 22 миллион доллар қаржы бөлетінін жариялаған.
«Бразилия «Үлкен жетілікпе» еш араз емес. Біз тек бір ғана президенттің әрекетіне ғана наразымыз. Оның нені меңзеп отырғанына ешкімнің күмәні жоқ. Біз бұл орман өрті мәселесін әлемдік қауымдастықтың көңілі толатындай дәрежеде шешеміз. Ал Макрон сынды адамдар қандай да мәлімдеме жасамас бұрын оны бірнеше рет сүзгіден өткізуі абзал», - деді Бразилия президенті Жаир Болсонару.