Бразилия әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтті: TikTok-қа ірі айыппұл салынды
ANPD TikTok-тың тіркелген және аккаунтсыз пайдаланылатын режимдеріндегі бірқатар тәжірибесі Бразилияның дербес деректерді қорғау туралы заңына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Бразилияның Ұлттық деректерді қорғау агенттігі (ANPD) TikTok әлеуметтік желісінің иесі ByteDance компаниясына балалар мен жасөспірімдердің жеке деректерін өңдеу талаптарын бұзғаны үшін 153,7 млн бразилия реалы (шамамен 25,6 млн еуро) көлемінде айыппұл салды.
Euronews-тің мәліметінше, TikTok 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың платформаға кіруін тиісті деңгейде шектемеген және олардың жеке деректерін қорғауға арналған механизмдері жеткіліксіз болған.
Айыппұлдан бөлек, ByteDance талаптарды бұза отырып жиналған деректерді жоюға және балалар мен жасөспірімдерді қорғауды күшейтуге бағытталған арнайы шаралар жоспарын жүзеге асыруға міндеттелді.
Атап айтқанда, платформа 16 жасқа толмағандардың аккаунттарына қатаң құпиялық параметрлерін автоматты түрде енгізіп, ата-аналық бақылау мен контентті сүзгілеу жүйелерін күшейтуі тиіс.
ANPD TikTok-тың тіркелген және аккаунтсыз пайдаланылатын режимдеріндегі бірқатар тәжірибесі Бразилияның дербес деректерді қорғау туралы заңына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Бразилия соңғы жылдары әлеуметтік желілерді, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен жеке деректерін қорғау мәселесінде реттеуді күшейтіп келеді. Жаңа талаптар платформаларға 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың жасын тексеру және олардың аккаунттарын ата-аналық бақылаумен байланыстыру міндетін жүктейді.