Братиславада қазақ-словак ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 9-11 наурызда Братиславаға жұмыс сапарымен барды.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-сапар шеңберінде Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокпен, Ұлттық кеңес (парламент) төрағасының орынбасары Юрай Бланармен және Ұлттық кеңестің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен, Президенттің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Яна Кобзовамен, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің (СЕІМ) ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша бұрынғы арнайы өкілі Петер Бурианмен, сондай-ақ, Словак экспорттаушылары кеңесінің (СЭК) төрағасы Лукаш Паризекпен және көптеген іскерлік топтар өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Р. Василенко сұхбаттастарды Қазақстандағы ағымдағы жағдай, қаңтардағы қайғылы оқиғалар бойынша тергеу барысы, адам құқықтарын сақтау жөніндегі мемлекеттің кешенді шаралары, ұлттық және халықаралық құқық қорғау ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру бағытына сәйкес жүргізіліп жатқан және жоспарланған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Словакиялық әріптестер Мемлекет басшысы жариялаған реформаторлық күн тәртібін жылы қабылдады.

Сұхбаттастар Украинадағы жағдайды және халықаралық қоғамдастықтың соғыс қимылдарын тоқтату және осы елге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін талқылауға ерекше назар аударды. Р. Василенко еліміздің БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу қажеттілігін, делдалдық қызметтер арқылы дипломатиялық жолмен шешуге жәрдемдесуге дайындығы туралы ұстанымын жеткізді.

Сондай-ақ, Р. Василенко Қазақстанның теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясат бағытының өзгермейтіндігін растады. Тараптар ағымдағы жылы жоспарланған екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады.

Словакия Ұлттық кеңесінің басшылығымен кездесу барысында қазіргі саясаттағы парламенттік дипломатияның рөлі арта түскені атап өтілді және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары белгіленді.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылай отырып, тараптар КОВИД-19 пандемиясына қарамастан Қазақстан мен Словакия арасындағы тауар айналымының көлемі 2021 жылы 84 млн АҚШ долларын құрағанын, яғни 2020 жылғы көрсеткіштен 21%-ға жоғары (69,5 млн АҚШ доллары) екендігін қанағаттанушылықпен атап өтті. Қазақстан экономикасына инвестициялар салыстырмалы түрде шағын көлемдерге қарамастан (23,4 млн АҚШ доллары), тұрақты өсу серпінін көрсетуде.

Сонымен қатар, СІМ басшысының орынбасары Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Словакия үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы шеңберіндегі ҚР СІМ Инвестициялар комитеті мен Қазақстан нарығына шығуға мүдделі «Heneken» металлургиялық және сауда компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен жалғасқан, екі елдің іскерлік топтар өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-форумға қатысты.

Аталған іс-шараларда сөз сөйлеген Р. Василенко екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары арасындағы тұрақты жұмыс байланыстарын қолдау үшін комиссияның маңызды рөлін атап өтті. Өзара тиімді ынтымақтастық үшін перспективалы салалар ретінде инжиниринг және құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, су шаруашылығын басқару, металлургия, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, медицина және туризм аталды.

СЭК төрағасы Л. Паризекпен кездесу барысында сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары талқыланды. СЭК «Qaztrade» АҚ-ның серіктесі болып табылады.

Сапар барысында Р. Василенко Словакияның TASR жаңалықтар агенттігінің «Дипломатиялық клуб» телебағдарламасына, «ExportAir» подкасттар бағдарламасына және «Finančné Noviny» талдау порталына сұхбат берді. Сондай-ақ, Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы беделді «Globsec» талдау алаңының басшылығы мен сарапшыларымен егжей-тегжейлі кездесу өткізді.

Сапар аясында Словакияның мемлекеттік органдарының, жеке компаниялардың, Қазақстанмен жұмыс істейтін ғылыми орта мен талдау құрылымдарының жоғары өкілдерінің, сондай-ақ Словакияның экс-президенті Иван Гашпаровичтің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға қатысушылар қазақстандық тарапқа ұзақ жылдар бойы ынтымақтастық үшін алғыс білдіре отырып, одан әрі үдемелі дамуына сенім білдірді. Іс-шара барысында Банска-Быстрица аймағындағы ҚР Құрметті консулы, Словакия аңшы одағының төрағасы және Зволендегі техникалық университеттің оқытушысы Тибор Лебоцкиге СР СЕІМ Мемлекеттік хатшысы Ингрид Броцкованың қатысуымен екі мемлекет пен халықтар арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен достықты дамыту игілігі үшін өз қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін куәлік табыс етілді.

Қазақстандық делегация сапарының бағдарламасы сенімді сындарлы диалогты жалғастыруға, екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша «сағат салыстыруға» мүмкіндік берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы