Братиславада қазақ киносы күндері өтіп жатыр

Словакия астанасында Қазақстан Елшілігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және словакиялық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырған Қазақ киносы күндерінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Фильмдердің көрсетілімі биыл 110 жылдығын атап өтіп жатқан және Шығыс Еуропадағы алғашқы кинотеатрлардың бірінде – аты аңызға айналған «Mladosť» кинотеатрында өтуде. Көрермендерге режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» және «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмдері, сондай-ақ режиссер Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» дилогиясы көрсетілуде. Заманауи қазақ киносының жауһарлары словак жұртшылығын қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы қаһармандық күресінің тарихымен таныстыруды көздейді.

Братиславадағы кинопремьерадан кейін қазақстандық фильмдер Словакияның басқа да бірқатар аймақтарында көрсетілетін болады. Мәдени шара Қазақстан-Словакия қарым-қатынасы тарихында алғаш рет өткізіліп отыр және Қазақстан Республикасы күні қарсаңында ұлттық мәдениетті насихаттауға арналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы