«Брат или брак 2». Ерлер де "жүкті" болады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. 31 қаңтар күні кинопрокатқа «Брат или брак 2» фильмі шығады.
Бұл жолы Гаухардың аяғы ауыр, ал Айдар әйелінің ағаларымен тіл табысады. Бірақ Айдар ерекше ауру түрі – Кувад синдромына (ерлердегі жалған жүктілік) шалдығып, оқиға желісі өзгереді.
Актриса, фильм продюсері Құралай Анарбекова көрермендердің сұрауы бойынша киноны жалғастыруға бел буғанын айтты.
«Алғашқы фильм халықтың назарынан шыққан картина болғаннан кейін ізі суымағанша тез арада түсіруге тырыстық. Фильм өте қызық, күлкілі. Өзіме қатаң қарадым. Бұл фильмде отбасылық мәселелер көрсетіледі. Динамикаға толы, адамдар 1,5 сағатты 15 минуттай өткізгендей болады. Фильмді алғаш көргендер тез бітіп қалды деп жатыр», - деді актриса.
Бұл жолы Анарбекова жүкті әйелдің рөлін ойнап шықты.
«Оңай көріністер болмады, бәрі қиын. Жаз уақытында түсіргендіктен, ішпен жұмыс жасау қиын болды. Оны шешіп-киіп жүрмей, жұмыс барысына кірісіп кетем, бірақ мұның да пайдасы болды. Көбісі көмектесуге тырысты және көптеген сұрақтар тез шешілді. Жүкті ананың рөлін ойнау қиын. Өз басымнан өткермеген соң көп нәрсені үйрену керек болды. Осындай кейіпте болған келіншектердің мінез-құлқын зерттеуге тырыстым. Қиын болды», - дейді актриса.
Бұл жолы актрисаның фильмдегі күйеуі Айдар қайын ағаларының көңілінен шыға ма, әлде тағы да сынақтарға тап бола ма?
«Иә, ағаларының көңілінен шығады және басқа деңгейге көтеріледі. Ағаларының көзқарасы өзгереді. Экраннан көріңіздер. Бұл жерде қарым-қатынас қана емес, іште жатқан одан да терең құндылықтар ақтарылып, үлкен мәнге көтеріледі», - деді Анарбекова.
Ол халыққа екінші бөлім ұнап және сұрап жатса үшінші бөлімді түсіру мүмкін екенін айтты.
«Біз халықтың көңілінен шығуға тырысамыз. Екінші бөлімін түсіреміз деп ойламаған едік. Жарты жыл бұрын бұл сұрақ тез арада шешіліп, ізі суымағанша түсіруге тырыстық. Кассалық фильм бола ма, оны нақты айту қиын. Жалпы фильм адамдардың көңілінен шығады деген ойдамын. Жақсыға сенуге тырысамыз. Бірінші фильм секілді кассалық рекордтың рекордын жасаса – жалғасын табады. Рекорд жасауға тырысамыз», - деді Анарбекова.
Фильм бюджеті бірінші бөлімнен екі есе көп болған. Көрермен бұл жолы жаңа актерлер мен локацияларды көреді. Продюсер бірінші бөлімге қарағанда екі есе көп жұмыс жасалғанын айтты.
Актер Дәурен Серғазин фильмнің бірінші бөліміне қарағанда екіншісі қиын түскенін айтты.
«Физикалық және актерлік тұрғыдан да күрделі болды. Өмірімде бастан өтпеген оқиғалар болғандықтан, тосын жағдайлар өте ауырға соқты. Түсірілім қиын болған сайын қызыққа толы болды. Киноның қалай шыққанын өзім де әлі көргенім жоқ. Көрерменге сценарий барысы, актерлік құрам, үшіншіден сол халықтың басында кездесетін, балалы әйелдерге таныс жағдай болған соң фильм қызықты болуы мүмкін. Бірінші бөлімге қарағанда қайын ағаларыммен ара-қатынасымыз жақсарады», - деді актер.
Фильм режиссері Әлішер Утев 15 шақты идеяның ішінен осы идея таңдап алынғанын айтты.
«Ұзақ ойландық. Сценарий жазуға бір жыл кетті. Жарты жыл бұрын фильмнің өндірістік жұмыстар басталды. Фильм месседжі – отбасы қандай қиындықтармен, проблемаларға тап келеді және оны қалай шешуге тырысады. Тақырыбына келер болсақ, ауру жайлы фильм. Барлық отбасы мүшелері онымен қалай күреседі, сол баяндалады», - деді Утев.
Режиссер түсірілім кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.
«Мен ешқашан өз жобаларыма толық риза болмаймын. Әрбір түсірілім күнінде, дайындық кезінде проблемалар болды. Бұл –ауа райынан бастап, кәсіби еместікке дейінгі көптеген факторлар. Әсіресе футбол ойнаған кезде өте күрделі сәттер болды», - деді режиссер.
Ол үшінші бөлімді түсіру әзірге жоспарда жоғын, тіпті фильм жалғасын табады деп ойламанын жеткізді.
«Сыншылар, көрермендер қазақстандық комедияларда интеллект жоқ дейді. Біз осыны қосуға тырыстық. Сценарий құрылым бойынша жазылды. Бұл құрылымға қатысты сын айтылады деп ойламаймын. Экран көрсетеді. Көрермен қалай қабылдайтынын көреміз», - деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетсек, «Брат или брак» фильмі 2017 жылы бірнеше апта бойы экраннан түспей, Қазақстандағы кассалық рекордты жаңартқан болатын.