Браконьерлермен күрес: 320 киік мүйізі мен 2 қару тәркіленді
Аталған браконьерлік фактісі арнайы рейд барысында анықталып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
21 қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне бағынысты «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлық топ құрамы мен «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты қызметкерлері және Ақтөбе облысы ПД Ырғыз АПБ-нің қызметкерлерімен бірлесіп Ырғыз ауданы «Қосбармақ» аумағында сирек жойылып бара жатқан жабайы тұяқты жануарлар мен киіктерді қорғау жөніндегі рейдтік іс-шараларды жүргізу нәтижесінде Қызылорда облысының екі тұрғынынан браконьерлік фактісі анықталды, - делінген ақпаратта.
Ұсталғандардан 320 дана киік жануарының мүйізіне ұқсас мүйіздер және 2 бірлік қос ұңғылы қаруы табылды.
Комитеттің мәліметінше, сонымен қатар, 22 қыркүйекте Ақтөбе облысы Әйтеке-би ПБ-нің ЖПҚб УПИ қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар кезінде «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Ақтөбе өңірлік филиалының инспекторлық топ құрамы Самара-Шымкент тас жолының 965-шы шақырымында LADA Largus маркалы автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында 6 дана пакетке және 2 қапшыққа салынған болжам бойынша 4 дана киік жануары етіне ұқсас заңсыз ет тасымалдауы анықталды.