Браконьерлердің көбі Ресей мен Әзербайжаннан келеді - депутат
Бұл мәселе жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Мәжіліс отырысында Каспий теңізі бойынша заң жобасын ұсынған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге сұрақ қойды.
Өзіңіз білесіз, біз Каспий арқылы 5 мемлекетпен шектесеміз. Оның ішінде Ресей мен Әзербайжан елдерімен теңіз айлағы арқылы шекаралас екеніміз анық. Шекара қызметкерлері бұл мәселені жақсы біледі. Жалпы, браконьерлердің көбі Ресей мен Әзербайжан жағынан келеді. Енді менің сұрағым. Осы Түрікменстанмен жасалған келісімшарт сияқты мемлекеттік шекараны межелеу және балық аулау аймақтарын бөлу туралы шарттар Ресей мен Әзербайжанмен қарастырылып жатыр ма? Мұндай келісімшарттар бар ма? - деді депутат.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді аталған мәселе бойынша заң жобасының бар екенін, оның жуық арада Парламентке ұсынатынын айтты.
Қазіргі таңда мндай шарттардың жобалары бар. Негізінде, Ресей тарапы мен Әзербайжан мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жалпы, шекара сызығы нақты белгіленген. Оны енді шарт, құжат ретінде өздеріңіздің алдына, Мәжіліске алып келу қолға алынуда, - деді Премьер-министрдің орынбасары.