Браконьерлер мемлекетке 25 млн теңгеден астам шығын келтірді

Алматы облысы, BAQ.KZ. «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының Табиғат қорғау полициясы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, браконьерліктің екі дерегін анықтады. 

Ұйғыр ауданында тәртіп сақшылары елімізде аулауға тыйым салынған, «Қызыл кітапқа» енгізілген Аралдың мұртты балығын аулаған екі тұрғынды ұстады. Алдын ала тексеру барысында күдіктілердің мемлекетке 757 500 теңге материалдық шығын келтіргені анықталды. 

Екінші дерек, Алматы-Өскемен автожолының бойында Талдықорған қаласына кіреберісте тіркелді. Полицейлер жалпы салмағы шамамен 4,5 тоннаға жуық «көксерке» балығын тиеген екі «Volkswagen» көлігін анықтаған. Тексеру барысында мемлекетке келтірген материалдық шығын көлемі 25 млн 123 мың теңге екені анықталды. 

Облыстық полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына өткізілді. Одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатын болады.

«Браконьерліктің екі дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Балықтар тиісті сараптамаға жіберілді. Тергеу кезінде істің мән-жайы анықталып, іс сотқа жолданатын болады»,- деп атап өтті облыстық табиғат қорғау полициясының өкілі Бағлан Рымжанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы