2 Тамыз 2026, 09:46

БҚО құтқарушылары өрт сөндіру-құтқару спортынан ел чемпионы атанды

Төрт күнге созылған жарыстың қорытындысында Батыс Қазақстан облысының командасы үздік атанып, ұлттық құрамаға енген спортшылар анықталды.

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасөспірімдер мен жастар арасындағы өрт сөндіру-құтқару спортынан XV жазғы чемпионаты мәресіне жетті.

Төрт күнге созылған жарысқа еліміздің 14 өңірлік командасының үздік спортшылары қатысып, «Оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу», «100 метрлік кедергілер жолағы», «4×100 метрлік өрт эстафетасы» және «Жауынгерлік қанат жаю» кезеңдері бойынша бақ сынады.

ТЖМ мәліметінше, чемпионат жас спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен өңір өкілдерін бір арнаға тоғыстырған ірі спорт мерекесіне айналды. Жарыс барысында қатысушылар жоғары техникалық дайындықтарын, командалық бірлігін, тәртіпке беріктігін және жеңіске деген жігерін көрсетіп, еліміздің болашақ өрт сөндіруші-құтқарушыларының әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді.

Жарыс аяқталған соң чемпионатты жабу рәсімі өтіп, жеке және командалық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

  • 1-орын – Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті;
    2-орын – Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті;
    3-орын – Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы өрт сөндіру-құтқару спортынан өткен XV жазғы чемпионат елдің үздік спортшыларын іріктеудің маңызды кезеңіне айналды. Жарыс қорытындысында Қазақстан Республикасы ТЖМ ұлттық құрамасына енген үздік спортшылар анықталды. Енді оларды маусымдағы басты халықаралық жарыстар алдындағы соңғы дайындық кезеңі күтіп тұр.

2026 жылғы 22–25 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы ТЖМ құрамасы Ресей Федерациясының Жуковский қаласында өтетін өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионатына қатысады. Ұлттық құрама спортшылары халықаралық додада Қазақстанның намысы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің абыройын қорғайды.

Кезекті рет ұйымдастырылған чемпионат Қазақстанда өрт сөндіру-құтқару спортының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі, спорттық дәстүрлерді нығайтудағы және елдің болашақ қорғаушыларын даярлаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте көрсетті.