БҚО ПД-да жас полицейлер ант қабылдады

БҚО ПД-да мереке қарсаңында жас полицейлер ант қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

29 тамыз күні Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Молдиярұлы, БҚО ІІО және ҚР ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмашев Еділхан, сондай-ақ, БҚО ПД бөлімшелерінің басшылары мен полиция қызметкерлері қатысты. 

Салтанатты жиында жас полиция қызметкерлері Отанға адал болуға ант берді. Департамент бастығы Арман Молдиярұлы полицияда қызмет жолын бастаған барлық жас полицейлерді құттықтап, егеменді елде халықтың бейбіт әрі тыныш өмір сүруін қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларына жүктелген міндет деп атап өтті. 

Ата Заң – Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі. Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқытары мен бостандықтары. Бұл мереке қарсаңында біздің қатарымызды толықтырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтарды қорғауға жас полиция қызметкерлері ант береді. Жас қызметкерлерге Конституцияны құрметтеп, берген антқа адал болып, халықтың сенімін ақтаңыздар дегім келеді,- деп тілек білдірді өңірдің бас полицейі. 

Сондай-ақ жоғары кәсіби шеберлігі, жұмысты тиімді ұйымдастырғаны құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша міндеттерді орындауда қол жеткізген жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденовтың бұйрығымен облыстың үздік полицейлері медальдармен, төсбелгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. 

Жалпы осынау мереке қарсаңында ҚР ІІМ құзыретімен – 17, облыс әкімдігінің қолдауымен 6 қызметкер, жалпы 136 қызметкер марапатқа ие болды. Іс-шара полицейлердің салтанатты шеруімен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы