28 Қыркүйек 2026, 07:12 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

БҚО креаторлары Астанада 5 млн теңгенің өнімін сатты

Көрмеде өңір креаторлары жергілікті брендтер мен авторлық туындыларын таныстырды.

26-27 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» атты креативті көрмесі өтті.

Көрмеде өңір креаторлары жергілікті брендтер мен авторлық туындыларын таныстырды. Іс-шараға қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, ағаш және тері өңдеу саласының 40-тан астам өкілі қатысты.

Келушілерге музыкалық аспап жасау, ағаш өңдеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz және «ДариЛили» сән орталықтары өз топтамаларын ұсынды.

Көрме барысында «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары арқылы Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды. Сондай-ақ «Долана» мультфильмі көрсетілді.

Екі күн ішінде көрмеге 3 мыңға жуық адам қатысып, өңір креаторлары жалпы құны 5 млн теңгенің өнімін сатты.

Creative Aimaq жобасы өңірдегі креаторларды қолдауға, отандық брендтерді танытуға, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға және креативті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.