БҚО-дағы тапсырыспен кісі өлтіру ісі: айыпталушылар сот залынан босатылды

Бүгін, 25 тамыз күні БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Динара Гильманова атышулы іс бойынша үкімді жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Алдын ала адамдар тобында кісі өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған 40 жастағы Эльвира Еркебаева мен 33 жастағы Максим Кузнецов алқабилердің шешімімен қаруды заңсыз сақтау және сатып алу бабымен ғана кінәлі деп танылды. Оларға 3 жылға шартты жаза тағайындалып, сот залынан босатылды.

Әділдік бар, ол жеңді. Қолдау өте үлкен болды. Менің адвокаттарыма, отбасыма және барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Қазір эмоциям толқып тұр. Бірінші кезекте анама барамын, – деді Эльвира Еркебаева үкімнен кейін.

Ал Максим Кузнецов жақсылыққа сенгенін және үмітін үзбегенін атап өтті.

Бұл іс бір жылдан астам уақыт бойы қаралып келді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіруге тапсырыс берген, ал Кузнецов оған көмектесті деген айып тағылды. Айыптау актісінде қылмыс үшін 2 миллион теңге берілмек болғаны көрсетілген.

Алайда сот тергеуі барысында бұл айыптаулардың дәлелділігіне күмән келтірілді. Жәбірленуші Ербол Еркебаевтың өзі шағымнан бас тартқан. Прокурор сотталушылардың кінәсі дәлелденді деп есептеп, Еркебаеваға – 7 жыл 6 ай, Кузнецовқа – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Айта кетейік, істі алқабилердің екінші құрамы қарады. Бұған дейінгі құрам прокурордың өтініші бойынша таратылған болатын.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: istockphoto.com
Өзгелердің жаңалығы