Кеше 2026, 23:05 Фото: pexels.com

БҚО-дағы "Сырым" шекара бекеті маңынан белгісіз дрондар байқалды

Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.

Батыс Қазақстан облысында куәгерлер "Сырым" шекара бекетінің үстінде қатарынан екінші түн белгісіз ұшқышсыз аппараттар ұшып жүргенін хабарлады. Бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен таралуда.

Uralsk_week_media жазуынша, жергілікті тұрғындардың айтуынша, аспанда шамамен он шақты дрон байқалған. Куәгерлердің сөзінше, аппараттар Ресейдің Самара облысы жағынан ұшып келіп, өткізу пункті мен шекара заставасының үстінен өткен.

Самара облысы жағынан ұшып келіп жатыр. Шамамен 10 шақты. Олар өткізу пункті мен заставаның үстінен ұшты. Мұндай жағдайды бірінші күн көріп тұрған жоқпыз. Біздің шекарашылардың өзі кім екенін, не үшін ұшып жүргенін білмейді, – деді куәгерлердің бірі.

Әлеуметтік желілерде тараған хабарламаларға байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, елдің әуе кеңістігін бұзу фактілері тіркелмеген.

Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысының аумағындағы аспанда белгісіз әуе нысандары байқалды деген ақпаратқа байланысты төмендегідей хабарлаймыз. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі азаматтарды сабыр сақтауға, расталмаған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Қазіргі уақытта байқалған нысандардың шынымен ұшқышсыз аппарат болғаны ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ олардың Қазақстанның әуе кеңістігін бұзбай, шекара маңындағы аумақта болуы мүмкін екені де белгісіз. Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желілерде әлі де талқылануда.