Бүгiн 2026, 14:48 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

БҚО-дағы стратегиялық нысандар: Қарашығанақ пен Орал вокзалының жұмысы тексерілді

Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысындағы энергетикалық және инфрақұрылымдық бірқатар нысанның жұмысымен танысты.

Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысындағы энергетикалық және инфрақұрылымдық бірқатар нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі. 

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында инфрақұрылымдық дамуда маңызы зор стратегиялық және өндірістік бірқатар нысанды аралап, жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Ең алдымен, Премьер-министрінің бірінші орынбасары еліміздегі ең ірі стратегиялық кен орындарының бірі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнына барды. Жоба операторы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы халықаралық консорциум аясында жұмыс істеп жатыр. 

Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызына тоқталып, оның өнеркәсіптік өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Ол компания жұмысын жоғары бағалап, ҚПО ұжымына Қарашығанақ кен орнын игеруде табыс тіледі.

Бұдан бөлек, Премьер-министрінің бірінші орынбасары өңірге жұмыс сапары аясында «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында болды. «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен кешенді іс-шаралар жоспары таныстырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған маңызды жоба – Орал теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары 95%-ға орындалды.

Өңірге жұмыс сапары аясында Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын қадағалады.