БҚО-дағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабтары 1345 іс-шара өткізген

Батыс Қазақстан облысында халықтық коалиция атынан президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы белсенді жұмыс жасауда. БҚО-да штабтардың ұйымдастыруымен бүгінгі есеп бойынша 170 303 адам қатысқан 1345 іс-шара өткізілген, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде ұзақ уақыт алатын ауқымды кездесулерден гөрі, шағын аудиторияларға бағытталған, 20-30 минуттан аспайтын іс-шараларға басымдық берілуде. Бұл сайлаушылармен тікелей қарым-қатынас орнатып, олардың пікірлерін, талаптарын ескеру үшін тиімді болмақ. Сондай-ақ бұрынғыдай кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын толық таныстырылмайды. Таратпа материалдардағы QR-код арқылы арнайы сайтқа өтіп, сол жерден танысуға, өз өтінішін, талап-тілектерін қалдыруға мүмкіндік жасалған. Қоғамдық орындардағы экспромт-кездесулерден бөлек көп балалы отбасылар, түрлі салаларды қамтып ұжымдармен кездесулер өткізілуде, - дейді облыстық қоғамдық штаб жетекшісінің орынбасары, «Amanat» партиясының облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Афиза Семғалиева.

Кездесулерде міндетті түрде сайлаушылардың ұсыныс-тілектері жинақталып, арнайы сайтқа тіркелуде. Сондай-ақ штабтың қоғамдық қабылдау бөлмесі де белсенді жұмыс жасауда. 

Штабтың қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғалы батысқазақстандықтардан 468 аманат, өтініш келіп түсті. Аудандар мен облыс орталығын қосқанда барлығы 14 қабылдау бөлмесі жұмыс жасауда. Азаматтардың сұрақтары мен мәселелері әр түрлі. Басым көпшілігі – әлеуметтік мәселелер мен тұрғын үйге қатысты. Кандидатты қолдайтынын айту үшін арнайы келетін белсенді тұрғындар да бар, - дейді облыстық қоғамдық штабтың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гаухар Шайхыниязова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы