БҚО-да жиырма күнге жететін жанар-жағармай қоры бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында жиырма күнге жететін жанар-жағармай қоры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, қазіргі кезде газ бен жанар-жағармай материалдарына қатысты ішкі нарықтағы жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің биылғы 5 қаңтардағы бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ бағасы 1 литріне 60, Орал қаласынан 200 шақырымнан асатын алыс аудандарда 65 теңгеден бекітілді. 

Сондай-ақ электронды сауда алаңдары арқылы ҚҚС-дан көтерме сауда бағасы тоннасына 45 455 теңгеден белгіленді. Сұйытылған газды өткізумен өңірде «Алау», «Тәуекел» және «BKKS LPG» ЖШС айналысады. 

Облыста барлығы 131 жанар-жағармай құю стансасы болса, соның 53-і Орал қаласында, 78-і аудандарда орналасқан. Батыс Қазақстан нарығында «Petro Retail», «Neftek Operating», «Меркурий Retail», «Москвичи» және басқа ЖШС-лар ірі операторлар болып табылады. Облыста АИ-92 бензинінің бағасы әр литріне 174 теңге, АИ-95 – 210 теңге, дизельді отын маусым кезінде – 268, қыста – 340 теңге. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы