БҚО-да Жайық өзенінің бойында 100 км қорғаныс бөгеттері салынды

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын нығайту, сондай-ақ басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу және су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оларға 7 895 адам және 1 781 бірлік техника, соның ішінде 1011 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта Жайық өзенінің жағасында ұзындығы 100 шақырым болатын бөгет жасақталып, 771 мың құм толтырылған қапшық салынды.

2024 жылдың 16 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 776 см-ге дейін жетті және су деңгейі әлі көтерілуде. Өткен жылы ең жоғары деңгей 557 см болған еді. Қауіпті деңгей-850 см.

Су Ресей Федерациясыннан келеді, онда су тасқынына байланысты Ириклин су қоймасынан ағызу жүргізілуде. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, Ириклин су қоймасының суын Ресей Федерациясынан ағызу біртіндеп азайып келеді. Дегенмен, облыста су басу қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.

БҚО-дағы эвакуациялау пункттеріндегі 603 оқушы онлайн режимінде кедергісіз білім алу үшін компьютермен және интернетпен қамтамасыз етілген.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыстағы 13 эвакуациялық пунктте 948 бала болса, оның 345-і мектеп жасына жетпеген. Эвакуациялық орталық студенттердің онлайн оқуы үшін компьютерлер, құлаққаптар және интернетпен жабдықталған оқу кабинеттері бар.

Жалпы, Жайық өзенінің бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласындағы 103 мектептің 75 мыңнан астам оқушысы қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Су тасқыны кезінде қашықтан оқытуға көшу мәселесі бойынша ата-аналар комитеттерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сұраныстар негізінде оқушыларды қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: БҚО әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы