БҚО-да су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүргізілуде
БҚО-да су тасқыны басталғалы бері өңірде 13 159 адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 мыңнан астамы ересек азаматтар болса, 6 мыңға жуығы балалар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 17 эвакуациялық пунктке 1701 адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте БҚО әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Тәткен хабарлады.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға облыстан және басқа аймақтардан барлығы 5589 адам, 887 техника жұмылдырылды, оның ішінде 422 арнайы техника.
Қазіргі уақытта су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүргізілуде. Жағдай әлі де күрделі болып қалуда. Себебі, Ресейдің Орынбор облысынан келе жатқан сулар 17-19 сәуірде облысқа келеді деген болжам бар. Қазіргі кезде Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см құрады. Яғни, қауіпті деңгейге жетіп қалды, ол 850 см құрайды. Осыған байланысты 80 км жуық бөгет тұрғызылып, Жайық өзенінің жағасы барынша нығайтылуда. Қазіргі уақытта Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласын су басу қаупі бар, - деді спикер.
Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Бүгінгі таңда 677 отбасыға 125 млн теңге қаржы төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.