БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үйлі болды
БҚО Бөрлі ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үй берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылындағы алты отбасы көптен күткен қуанышқа кенелді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға су жаңа үйлердің кілттерін табыс етті.
Біз биылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі қиындықты мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, аудан-ауыл тұрғындарының бірлігі арқасында жеңіп шықтық. Осылайша ынтымағымыздың мығым екенін паш еттік. Тасқынның салдарын жою үшін тиісті шараларды қабылдадық. Соған қарамастан, аудандағы Ақбұлақ, Кеңтүбек, Пугачев ауылдарының және Ақсай қаласына қарасты Қызылтал, Аралтал шағын аудандарының тұрғындары көп зардап шекті. Алайда қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік танытып, көптеген үйді су тасқынынан сақтап қалдық. Елдегі күрделі мәселелер, соның ішінде төтенше жағдайлар Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Себебі біз, ең алдымен, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Төтенше жағдай кезінде қиындыққа мойымай, шыдамдылық танытқан тұрғындарға алғыс айтамын. Бөрлі ауданында ақбұлақтық алты отбасыдан басқа, тағы үш ауылдағы 10 жанұя жаңа қонысқа ие болмақ. Ақбұлақтағы үйлерді тұрғызған «НазТур» ЖШС-ның директоры Лесбай Елеусіновке өзімнің және сіздердің аттарыңыздан ризашылығымды білдіремін. Бұл азамат айналдырған үш айдың ішінде бірнеше сапалы баспана салып берді. Алдағы уақытта елімізде оқыс оқиғалар, төтенше жағдайлар болмасын деп тілеймін. Қоныстой құтты болсын, шаңырақтарыңыздан береке кетпесін!, – деді Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысы сондай-ақ «Ақжайық» қоры мен «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігіне және басқа да көмек-қолдау көрсеткен жанашыр жандарға ризашылығын жеткізді. Салтанатты іс-шарада Нұржан Таужановтың, Ольга Политованың, Серік Берденовтың, Асланбек Сүлейменовтың, Жанаргүл Ғимранованың және Хадыл Наршиевтің отбасылары баспана кілтін алды. Барлығына қысқа толқынды пеш тарту етілді. Әжелер шашу шашып, аудандық демалыс орталығының әншісі, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Жаңыл Чугирова «Той-бастар» әнін орындады. Ақбұлақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдем Сейітов өздеріне жан-жақты көмек көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Қуанышқа кенелген тұрғындар болса, «Ертең-ақ жаңа қонысымызға көшіп келеміз!», – деп мәре-сәре.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов және басқа да қонақтар Жанаргүл Ғимранованың жаңа үйін көріп, қоныстойымен құттықтады. Тұрғын үйлер бірыңғай жобамен салынған. Ғимараттың ауданы – 83,30 шаршы метр, жер учаскесінің жалпы ауданы – 0,08 га.
Аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Нұрмақовтың айтуынша, қазір Кеңтүбек ауылдық округінде – 5, Пугачев ауылдық округінде – 4 және Аралтал шағын ауданында 1 үй салынып жатыр. Олардың құрылысының 95%-ы аяқталған. Үйлерді иелеріне тамыздың 10-ына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кету керек, көктемгі су тасқыны кезінде Бөрлі ауданының тұрғындарынан 192 өтініш түскен. Соның ішінде 175 үйге бағалау жүргізіліпті.
Бағалау қорытындысына сәйкес аудандық бюджеттен 65 үйдің иесіне 35 млн теңге төленген. Сонымен қатар «Аманат» партиясы «Ақжайық» қоры арқылы зардап шеккен 93 адамға 41 млн теңге, ал «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігі 177 отбасының 958 мүшесіне 96 млн теңге көлемінде көмек берген.
Көктемгі су тасқыны кезінде ешкімге де оңай болмады. Не жағдай болғанын түсінбедік. Бірақ баспанасыз қалсақ та, басымыздың амандығына шүкір еттік. Елдің қамын ойлайтын басшылардың бар екенін көрдік. Халықтың, атпал азаматтардың арқасында қуанышқа кенелудеміз. Күннің суығына қалдырмай, жаңа баспана салып берді. Бүгін кілтін алған үйімізге ертең көшіп келеміз. Тасқын судың қаупі сезілген сәтте бізге құжаттарымызды алып, үйден шығуымыз керектігін ескерткен еді. Жеке өзімнің атымнан ауыл әкімі Ерлан Болатұлына алғыс айтамын. Ол кісі болмағанда, немереммен суға кетіп қалуым мүмкін еді. Себебі ол кісі үйге кіріп келгенде, ағын су үйге лап берді. Қарғын су есіктің алдында жиналып тұрған болса керек. Сол сәтте ол немеремді көтеріп алып, суды кешіп өттік. Осы жасыма келгенде мұндай үрейлі оқиғаны алғаш көруім. Есіме түссе, әлі де қорқынышты. Енді мұндай жағдай қайталанбасын деп тілеймін, - деді ауыл тұрғыны Нұрсұлу Дәулетова.