БҚО-да шешімін таппай келе жатқан проблемалар аз емес – Әлихан Смайылов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары туралы Facebook парақшасында жазды.
Үкімет басшысы 22 сәуірде жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болғанын атап өтті.
Облыстағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралап, өңірдің даму жағдайымен, Президент тапсырмаларының орындалуымен таныстым, - деді Смайылов.
Ол атағандай, Ақжайық өңірі – еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық аймақтардың бірі.
Өңірде өз шешімін таппай келе жатқан проблемалар аз емес. Әсіресе Батыс Қазақстан облысы автомобиль жолдарының сапасы бойынша республикада көш соңында. Оны жақында Мемлекет басшысы да атап өтіп, маған және жергілікті билікке қажетті шараларды тез арада қабылдауды тапсырды. Осыған орай нақты шешімдер қабылданып, құзыретті органдарға тапсырма бердім, - деп жазды Премьер-министр.
Сондай-ақ сапар барысында өзге де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобаларды пысықтап, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру ісін талқыладық.