БҚО-да сайлауға ұлттық киіммен келіп жатқандар көп

БҚО-да 504 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі сайлауда облыста 400 мыңнан аса тұрғын дауыс береді. Оның жартысы облыс орталығы Орал қаласының тұрғындары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оралдық Арман Биғалиев отбасымен бірге дауыс беруге келді. Арман сайлауға әркез отбасымен, жұбайы Баян, қыздары Румия мен Альмира, ұлы Абылхайырхан бірге баратынын айтты.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, бейбітшілікті ту етіп ұстаған Қазақ елінде үлкен науқан. Әлемде, жер шарында елдер арасында қақтығыс, табиғи апаттар көп болып жатыр, қарасаң ұрпағымыз үшін қорқыныш ұялайды. Біздің басты байлығымыз - бейбітшілік, елдің амандығы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еститін үкімет болсын деп елдің сұранысын орындап, бұл сайлауда елдің тағдырын ойлаймын деген азаматтарға мүмкіндік берді. Жаңа Қазақстан жаңа іспен, жаңа адамдармен әлі де толықтырылады деп сеніп, үміттеніп келеміз. Біз отбасымызбен үміткерлерді де бірге таңдадық. 2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін Мәжіліс депутаттарының 70% партиялық тізімдер бойынша, ал 30% бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұл дұрыс деп санаймын, біз республиканың Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарына депутаттыққа үміткерлерді өзіміз таңдауымыз керек. Бұл адамдар біздің мәселелерімізді шешеді, бізді қолдайды. Біз бүгін сайлауға өз таңдауымызды, елімізді бейнелейтін ұлттық киіммен келдік, - деді Арман Биғалиев.

Арман - бұған дейін депутат болған, өңірдің саяси және мәдени шараларынан шет қалмайтын өнерпаз азамат.

БҚО-да сайлау әзірге құқықбұзушылықсыз өтіп жатыр. Бұл жолы тәуелсіз байқаушылар да, кандидаттардың сенімді өкілі ретінде де байқаушылар өте көп. Олар сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне өз септігін тигізері сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Биғалиев
Өзгелердің жаңалығы