БҚО-да «Қасиетті жерлерге тағзым» атты салт атты сапар басталды

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында батыр Дәуқара Қарақожаұлының 335 жылдығына орай ауданның «Дәуқара батыр» көкпар командасының және At-Travel.kz салт аттылар клубының осы өңірдегі мүшелері «Қасиетті жерлерге тағзым» атты салт атты сапар басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тарихи орындар мен киелі жерлерге сапар Қаратөбе ауданының орталығындағы алаңнан басталды. Жергілікті тұрғындар мен аудан басшылары сәт сапар тілеп, ақсақалдар батасын беріп шығарып салды. 100 шақырымдық жолға салт атпен шыққан топтың құрамында Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, Қаратөбе ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, "Дәуқара батыр" көкпар командасының жетекшісі Қайырбек Сағындықов, көкпаршылар Бауыржан Серікұлы, Жанер Жанғабыл, Ернар Берікқали бар.

Аттылы экспедиция Қаратөбе ауылынан басталып Ерман - Едіге ишан зираты ( Талтоғай) - Нұрекен тоғайы - Қонай тоғайы - Мүсірәлі - Әндір тоғайы - Қаражан тоғайы - Тұнба - Саттық - Сәрсенғали - Демеу - Сыпайы әже зираты - Дәуқара батыр зираты - Кеңащы - Алғабас - Тұрдығұл - Айқай шағыл - Құтқожа қарт зираты маршруты бойынша өтіп, Қаратөбе ауылында тәмамдалмақ.

Есімі Кіші жүздегі Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара Қарақожаұлы (1687-1751) Еділ бойындағы қалмақтармен күресте аты шыққан батыр. Дәуқараның есімі батыс өңірінің ақын-жырауларының шығармаларында жиі кездеседі.

Батырдың зираты Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен елді мекенінің күнбатыс жағында 2-3 км қашықтықта биік төбе басында. Төбе де Дәуқара төбесі аталады. Батырды жерлегенде оба етіп үйілген делінеді. Құлпытасы жақсы сақталған, ғалымдар оқыды. Бүгінде зиярат орнына айналған. Сондай-ақ, Орал қаласында көшеге Дәуқара батырдың есімі берілген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы