БҚО-да мал қырылып жатыр: 200 бастан астам шығын
БҚО-да киіктер мекендейтін аймақтарда 200-ден астам мал қырылды. Жануарларда ауру белгілері 22 ауылдық округте анықталған.
Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында үй жануарлары жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұқпалы ауру Бөкейорда, Жәнібек, Жаңақала және Казталов аудандарында таралуда.
БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиевтің айтуынша, мал киіктер мекендейтін жерлерде жұқтырған. 22 ауылдық округте 5484 бастан (жалпы санының 15%-ы) ауру белгілері анықталған. Қазірдің өзінде 3732 мал емделіп шыққан.
Өкінішке қарай, ауру салдарынан 217 ірі қара мал қырылды, оның ішінде 189-ы бұзау, сондай-ақ 11 қой өлген. Қырылу себептері әртүрлі, барлығы тек осы аурумен байланысты деуге болмайды. Сынамалар алынды, бірақ нәтижелері әзірге дайын емес. Сонымен қатар әлсіреген мал да қырылып жатыр. Кейбір бұзауларды сою кезінде олардың асқазанынан пакеттер мен жіптер табылды, – деп мәлімдеді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев.
Фермерлер ветеринарлармен бірге ауру малды емдеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар биыл облыста малды аса қауіпті 12 ауруға қарсы вакцинациялау жоспарланған.
Бұған дейін БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы киіктер арасында жұқпалы ауру тіркелгенін хабарлаған болатын. Зерттеу нәтижелері бойынша киік өлекселерінен алынған сынамалардан пастереллез анықталған.