БҚО-да киік етінен жасалған шұжық таныстырылды
Батыс Қазақстан облысында Ветеринария және агротехнология институтының оқытушылары киік етінен жартылай ысталған шұжық жасап шығарды. Әзірге бұл өнім тәжірибе түрінде дайындалып, ғылыми-зерттеу мақсатында әзірленген, деп хабарлайды BAQ.KZ Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Шұжықтың құрамына киік етімен қатар үйрек пен қаз еттері (30%) қосылған. Дәмдеуіш ретінде тұз, бұрыш, паприка және сарымсақ пайдаланылған. Оқытушылардың айтуынша, киік еті сиыр етімен салыстырғанда шырындырақ әрі тұзды аз сіңіреді, бұл оның технологиялық артықшылықтарын көрсетеді.
Жоғары оқу орнының химиялық талдау зертханасында еттің құрамындағы ауыр металдар мен радионуклидтерге зерттеу жүргізілуде. Алғашқы нәтижелер киік етінің тағамдық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін көрсеткен. Қазір ғалымдар шұжықтың рецептурасын жетілдіріп, патент алу жұмыстарын бастады.
БҚО-да бір аптаның ішінде 700-ге жуық киік реттелген. Киік етін өңдеумен айналысатын төрт кәсіпорын жұмысын бастады. Олардың ішіндегі ең ірісі – Орал қаласындағы «Кублей» зауыты. Сонымен қатар, Жаңақала, Жәнібек, Казталов және Бәйтерек аудандарында да ет қабылдау бекеттері ашылды.