БҚО-да инспектор қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін БҚО-да қорықшы абайсызда қолданған қарудан көз жұмды. Қазіргі күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев оқиғаға қатысты ресми ақпарат таратты.
2021 жылы 14 желтоқсан күні сағат 09:30 шамасында БҚО, Теректі ауданы, Ақжайық ауылынан шамамен 10-12 шақырым қашықтықта 02.07.1977 жылы туған БҚО аумақтық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Сағындықұлы Мәженов абайсызда қолданған қарудан көз жұмды, - деді Экология министрлігі өкілі.
Ол ведомство атынан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестеріне көңіл айтты.
Қосымша ақпараттар нақтыланып жатыр. БАҚ пен қоғам тарапына тиісті ақпарат беріліп отырады. Қазір тергеу жүріп жатыр, - деп толықтырды Олжас Беркінбаев.
Қайғылы оқиға жайында экобелсенді Сәкен Ділдахмет былай деп жазды.
БҚО-да инспектор қайтыс болды. Мен Серікті жеке танитынмын. Адал, жақсы адам еді. Ол осы салада 15 жылдан астам еңбек етті. Орны толмас қайғы. Иманды болсын! – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Бұған дейін бүгінгінің батырлары – мемлекеттік инспекторлар, қорықшылардың жұмысы жайында жазған болатынбыз.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Заң Мемлекет басшысының зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлардың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылықтар, мас күйінде көлік құралдарын жүргізу, сондай-ақ бірқатар өзге де ауыр құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.