БҚО-да дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактісі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҚО-да дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактісі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дәрігердің рецептінсіз сатуға қатаң тыйым салынған емдік дәрі-дәрмектерді сату фактісін анықтады.

 Тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция департаментінің қызметкерлері есірткіге масаю күйіне түсіретін дәрі-дәрмектердің заңсыз сату фактілерін анықтау  үшін қаладағы дәрі-дәрмектерді сатумен айналысатын барлық медициналық мекемелерге үнемі тексеру жүргізеді.  

Тексеру барысында бірнеше фактілер анықталды. Сондай фактілердің бірі туралы БҚО ПД бастығы өз сұхбатында айтып берді.
 

11 ақпан күні қаладағы  дәріханалардың бірінде “бақылап сатып алу” операциясын жүргізу кезінде В.есімді азамат өзіне табыс етілген 5 мың теңге ақшаға “трамадол” және “тропикамид” емдік дәрі-дәрмегін дәрігердің рецептінсіз сатып алды. Сатушы  28 жастағы З.есімді азамат болып шықты. Осы дәріхананы тексеру кезінде 184 пластинка трамадол (10 таблеткалық),  50 флакон мидакс (10 мл), 26 флакон тропикамид (5 мл) табылып, тәркіленді. Алынған тауарлардың сомасы шамамен 700 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы осы дәрі-дәрмектерді кіріске алу бойынша құжаттамаларды зерттеу жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ, осы дәрі-дәрмектерді сатылғаны жөнінде жазылған екі шимайжазба журналы табылды, – деді бас полицей.

 Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жалғасуда, ал З.-ға қатысты материал әкімшілік өндіріске бөлініп, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментіне жолданатын болады. 

Олар одан әрі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша сотқа жолдауы тиіс. Сот шешімі шыққаннан кейін осы тәркіленген дәрі-дәрмектерді жою мәселесі қаралатын болады. 

Трамадол – бұл синтетикалық опиын, онкологиялық қатерлі дертке шалдыққан науқастарға ғана тағайындалады. Дозасын дұрыс бермеген жағдайда адам есірткіге масаю күйіне түсіп, соған тез тәуелді болып қалады. Бұл дәрі-дәрмекті қолданғаннан кейін адамда галлюцинация, үрейленіп басқа біреуге шабуылдау, депрессия жағдайына түсіп кету немесе керісінше эйфория жағдайында да болып қалуы мүмкін. 

Оны қабылдауды тоқтатқан жағдайда абстиненттік синдром күйіне түседі. Мұндай жағдайда есірткіге тәуелді болып қалған адамды паралич соғуы, аяқ-қолын ампутация жасау, жүйке жүйесінің қатты сыр беруі, бас қа да ауыр салдарға әкеліп соғуы ықтимал. Өкінішке орай, опиынды анальгетиктерді рецептсіз сату фактісі тоқтамай отыр. Осыншама ауыр салдары бола тұрса да, бұл дәрі есірткі құралы немесе прекурсорлар тізіміне жатқызылмаған, сондықтан оны заңсыз сатқан адам әкімшілік жазаға ғана тартылады. Көптеген елдерде бұл дәрі біраз уақыттан бері есірткі құралы қатарына жатады және оны рецептсіз сатқан жағдайда ұзақ жылға түрмеге отырғызу түріндегі жазаға тартылады. 

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің бастамасымен заң шығарушы органдар осы факті бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда. Осыған сәйкес заңға тиісті түзетулер енгізу күтілуде. Ал әзірге кейбір фармацевтер жазаның жоқ екенін пайдаланып, заңсыз қызметтерін іске асыруда.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы