БҚО-да дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапты
Жәнібек ауданындағы өртті сөндіру кезінде ТЖД қызметкері ауыр жарақат алған. Ол ауруханада көз жұмды. Оқиғаға қатысты тексеру басталды.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дала өртін сөндіру жұмыстары кезінде ТЖД қызметкері қаза тапты. Оқиға Татран қыстауы маңында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, құрғақ шөптің тұтануын сөндіру барысында өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі ауыр жарақат алған. Зардап шеккен қызметкер Жәнібек ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің көмегіне қарамастан көз жұмды.
Оқиға орнында өрттің қатты түтіндеуіне байланысты көріну мүмкіндігі төмен болған. Куәгерлердің айтуынша, осы уақытта өрт сөндіру көлігі артқа қозғалып, қызметкерді байқамай қалған болуы мүмкін. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкердің қаза болғанын растады.
Татран қыстауы ауданында құрғақ шөптің жануы орын алды. Өртті жою жұмыстары кезінде Департамент қызметкері қызметтік міндетін атқару барысында жарақат алды. Ол Жәнібек ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда алған жарақатынан қайтыс болды, – деп хабарлады ведомство редакцияға берген жауабында.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Іске қатысты барлық материал Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданды.
ТЖД мәліметінше, қаза тапқан қызметкердің отбасына қажетті көмек көрсетіліп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау жасалуда.
Тағы оқи отырыңыз: