БҚО-да босқын мәртебесін алу туралы 86 өтініш түскен
Былтыр сәуірде бұрын көші-қон полициясында болған босқын мәртебесін беру функциясы Еңбек министрлігіне берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
БҚО облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтырғы сәуірден бері босқын мәртебесін беруге шетелдік азаматтардан 86 өтініш түскен, олардың көпшілігі Украина азаматтары.
Босқын мәртебесін беру туралы өтініштер Украина мен Ресей азаматтарынан түседі. Өтініш берудің басты себебі - Украинадағы әскери әрекеттер, - делінген басқарма басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев "МГ" редакцияның сауалына берген жауабында.
Ведомство мәліметінше, 86 өтініш түскенімен, көптеген өтініш беруші кейіннен Қазақстанның басқа қалаларына кетіп, өтініштері сол облыстардың басқармасына берілген, кейбірі тұруға рұқсат алған.
Функция салыстырмалы түрде жақында ғана берілгендіктен, комиссияның тек үш отырысы өтіп, екі жағдайда өтініш берушілерге босқын мәртебесін беруден бас тартылды. Бас тартуға азаматтың нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа мүшелігіне немесе саяси көзқарасына байланысты қудалаудың құрбаны болуы мүмкін деген негізді қорқыныштың болмауы себеп болды, - деді Исатай Мыңбаев.