БҚО-да боран кезінде жоғалған 3 адамдың денесі табылды

Батыс Қазақстан облысында боран кезінде жоғалған 3 адамдың денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

13-14 желтоқсан күндері боран кезінде жоғалып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылдық округіндегі Жасқайрат ауылы маңынан 57 жастағы ер адамның денесі табылған. 

Сондай-ақ Бөкейорда ауданында 25 жастағы ер адам суықтан көз жұмғаны белгілі болды. Ал Қазталов ауданында 35 жастағы ер адам қайтыс болған. 

Ақжайық ауданында 54 жастағы ер адам тірі табылды. Ер адамның қолы мен аяғы тоңған. Ол Орал қаласына жеткізілді.

Қазіргі уақытта Жәнібек ауданында 59 жастағы ер адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Іздеуге төтенше жағдайлар бөлімі, әскери бөлім, жергілікті атқарушы органдардан барлығы 49 адам және 8 техника бірлігі тартылды, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы