БҚО-да алғашқы жайлы мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектеп ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орал қаласына қарасты Деркөл шағын ауданында бой көтерген білім ордасы 1500 шәкіртке арналған.
Мектепте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге барлық мүмкіндік бар. Деркөл шағын ауданында 30 мыңдай тұрғын бар. Тек соңғы 4 жылда халық саны 10 мыңға өскен. Биыл да су тасқынынан зардап шеккен жүздеген отбасы аталған ауданға қоныстанды. Нәтижесінде онсыз да орын жетпей жатқан мектептер лық толды. Жайлы мектеп жобасы бойынша салынған жаңа мектеп осы күрделі мәселенің түйінін тарқатпақ.
Қазіргі таңда №49 мектептен 1300 оқушы келейін деп жатыр. 100 мұғалімімен. Мектепте 78 кабинет бар. 21-і бастауыш сыныптарға арналған. 18 арнайы кабинет бар. Физика, химия, биология, STEM, робототехника кабинеттері бар, - деді №51 мектеп директоры Жақсығали Жұмабай.
Батыс Қазақстан облысында соңғы 2 жылда жаңадан 22 орта мектеп бой көтерді. Олар негізінен шағын жинақты білім ордалары. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бүгін алғашқы нысан тапсырылды.
Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы елдің дамуы білім сапасына байланысты екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды факторы. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап айтқан болатын,и – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі өз сөзінде келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 білім ордасының құрылысы жалғасатынын жеткізді. Және КПО компаниясы есебінен 8 ауылда жаңа мектеп салынбақ.