25 Қараша 2026, 16:32 Фото: bqo_sport

БҚО-да әлем чемпионын ешкім күтіп алмаған: Облыстық спорт басқармасы не дейді?

Батыс Қазақстан облысының кір тасын көтеру спортынан аға жаттықтырушысы Виталий Бырко ардагерлер арасында әлем чемпионы атанғанымен, елге оралғанда оны ешкім күтіп алмаған. Ол видео жариялап, спорттың өзге түрлерінен жарысқа барған спортшыларды салтанатты түрде қарсы алатынын, ал кір тасын көтерушілерге мұндай құрмет көрсетілмегенін айтты. Кейін жаттықтырушы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысымен кездескен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кеше кір тасын көтеруден өткен әлем чемпионатынан оралдық. Бүгін әлем чемпионатына жету жолында біраз қиындық көріп, ауыр сапардан кейін өз-өзіме енді келіп жатырмын. Жарыстың өзі де, елге қайту да оңай болған жоқ, жолда түрлі кедергі болды. Ақыры кеше Оралға жеттік. Бізді қарсы алғандары көңіл көншітпеді. Тіпті күтіп алуға бірде-бір адам келмеді, - деді Виталий Бырко.

Жаттықтырушы оларды міндетті түрде біреулер қарсы алуға тиіс емес екенін түсінетінін айтты. Дегенмен спорттың өзге түрлерінің өкілдеріне көрсетілген құрметпен салыстырғанда, бұл жағдай оның көңіліне тиген.

Мен бізді қарсы алуға келуі мүмкін адамдар туралы айтып отырмын. Негізі, ешкім бізге міндетте емес екенін түсінемін. Бірақ сонда бір сұрақ туындайды: басқа спорт түрлерінен келгендерді дүркіретіп қарсы алады, ал кір тасын көтерушілерге неге ондай құрмет көрсетілмейді? Бұл кемсіту ме, әлде бізге деген жеке көзқарас па? Әзірге түсініксіз, - деді ол.

Әлем чемпионаты Латвияда өткен. Жергілікті басылымға берген сұхбатында Бырко жарысқа өзімен бірге шәкірті Милана Махновскаяның да қатысқанын, оның екі күміс медаль жеңіп алғанын айтқан. Жаттықтырушының сөзінше, спортшылар виза алу үшін Астанаға өздері барып, оған қомақты қаражат жұмсаған. Шығындарының бір бөлігін өтеуге көмек көрсетілгенімен, жарыс өтетін жерге жету үшін ол несие алуға мәжбүр болған. Бұған қоса, Бырконың айтуынша, кір тасын көтерушілердің жаттығатын талапқа сай залы жоқ. Олар шағын екі бөлмеде дайындалады.

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл жағдайға қатысты жауап берді. Басқарма өкілдері кір тасын көтеру спортын бұрын да қолдап келгенін және алдағы уақытта да қолдайтынын мәлімдеді. Бұл спорт түрі басым бағыттардың қатарына кірмегенімен, басқарма Қазақстан чемпионаттарына қатысатын спортшылардың жол шығынына үнемі қаражат бөледі. Ал әлем чемпионаттары мен құрлықтық жарыстарға бару үшін демеушілер тартуға көмектеседі.

Басқарма бұл жолы әлем чемпионатына жаттықтырушы мен спортшы өз қаражатына және аудан әкімдігінің қолдауымен барғанын нақтылады. Қаржылай көмек сұрап, басқармаға ресми түрде ешкім өтініш білдірмеген.

Басқарма басшысы Быркомен кездесіп, оны жоғары нәтижесімен құттықтап, халықаралық жарыста облыс намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс айтты. Кездесуде өңірде кір тасын көтеру спортын дамыту мәселелері мен алдағы жоспарлар талқыланды. Осы кездесуден кейін жаттықтырушы тағы бір видео жариялады.

Қазір Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығымен кездестім. Бірқатар мәселені, соның ішінде осы жағдайды талқыладық. Облыстық спорт басқармасына ешқандай өкпем жоқ. Алдағы жарыстарға дайындықты және кір тасын көтеру спортын дамыту жөніндегі күнтізбелік жоспарды талқыладық, - деді Виталий Бырко.

Келесі айда облыс әкімі әлем және Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерімен кездеседі. Басқарманың мәліметінше, шақырылатын спортшылар тізіміне кір тасын көтерушілер де енгізілген.