21 Қараша 2026, 18:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

БҚО-да 5,7 млн теңге әлеуметтік және зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелді

Жәнібек ауданының прокуратурасы Демалыс орталығы қызметкерлерінің еңбек құқықтарының бұзылғанын анықтады.

Батыс Қазақстан облысында прокуратураның араласуынан кейін аудандық Демалыс орталығы қызметкерлерінің әлеуметтік және зейнетақы жарналары бойынша берешегі толық өтелді. Қарыздың жалпы сомасы 5,7 миллион теңгеден асқан.

Жәнібек ауданының прокуратурасы «Жәнібек аудандық Демалыс орталығы» МКҚК қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылғанын анықтады. Берешек міндетті төлемдердің уақытылы аударылмауынан пайда болған. Әлеуметтік және зейнетақы жарналарынан бөлек, жеке табыс салығы бойынша да қарыз жиналған.

Прокурорлық қадағалау актісінен кейін берешек толық өтеліп, қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.

Жол берілген заңбұзушылықтар үшін аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Демалыс орталығының директоры және бас есепшісі – барлығы үш лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.