БҚО-да 505 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр

Қазақстан Республикасының президентіне кезектен тыс сайлауда Батыс Қазақстан облысында 505 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Жергілікті уақытпен сағат 11:30-да облыс сайлаушыларының 27% дауыс беріп үлгерді. Бұл жайлы Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сайлаудың өту барысы жаман емес. Әзірге көрсеткіш басқа облыстардан төмендеу. Өңірде жаңбыр, қар жауып тұрғанына қарамастан сайлаушылардың 27 пайызы келді. Бүгін үйленіп жатқан жас жұбайлар келіп, бірлескен алғашқы қадамдарын президент таңдауын жасауымен бастады. Көбі отбасыларымен барып белсенділік танытуда. Сексеннен асқан қарт адамдар келіп дауыс беруде, ол кісілерге ризашылық білдіреміз. Әзірге құқық бұзушылық тіркелген жоқ, - дейді Ғайса Хамедулаұлы.

Облыста 3259 сайлау комиссиясының мүшесі жұмыс жасауда. Сайлаушылардың тізімінде 2140 мүгедектігі бар адам бар. Олардың дауыс беруіне жағдай жасалған. 

 Батыс Қазақстан облысы бойынша 901 байқаушы болса, соның 218 облыс орталығында, қалғаны аудандарда сайлау барысын бақылауда. Сайлау барысында заңбұзушылық байқалған жоқ, - дейді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтық өкілі Асхат Өкшебаев.

Сайлаушыларды ынталандыру үшін жәрмеңке өткізіліп, алғашқы келген сайлаушыларға, егде адамдар мен ата-анасына ілесіп келген бөбектерге сыйлықтар табысталуда. Әлеуметтік желілерде дауыс бергендер арасында конкурстар өткізілуде. 

№427 сайлау учаскесінде 1516 дауыс беруші тіркелген болса, сағат 11:00-ге дейін 250-дей адам келді. Таңғы сағат 6:30-дан келіп, кезекке тұрған сайлаушылар болды. Он сегіз жасқа толып, алғашқы рет дауысын беріп жатқан жастар көп, - дейді аталған учаскедегі сайлау комиссиясының хатшысы хатшысы Жадыра Сәрсенова.

Орал қаласының Зачаганск кентіндегі №50 мектепте орналасқан №428 сайлау учаскесінде 2812 адам тіркелген. Бұл №428  учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Мөлдір Ерсайынқызының айтуынша, түскі сағат 12:00-ге дейін 612 сайлаушы дауысын берген.

 Бұған дейінгі сайлаулардан байқағаным – тұрғындар таңмен және кешке көп келеді. Түсте халықтың келуі кішкене саябырсиды,- дейді Мөлдір Ерсайынқызы. 

Сағат 12-ге дейін 550 сайлаушы өз таңдауын жасады. Халықтың белсенділігі жоғары, - дейді №349 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Нұрболат Мұхитов.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев №450 сайлау учаскесіне таңмен ерте келіп таңдауын жасады. «Біздің отбасының үш буыны дауыс беруде. Елдің келешегі үшін таңдау жасау қашан да маңызды,-  деді облыс әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы