БҚО-да 50 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккен 50 отбасы баспаналы болды. Жақын күндері осы ауданда тағы 16 отбасы үшін пәтер сатып алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Биыл облыстың бірнеше ауданын әбігерге салған табиғат апаты салдарынан мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірде құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс бойынша жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің саны 401-ге жетті. Мұның ішінде 60 үй осы Бөрлі ауданында салынуда. Жоспарға сәйкес, әр үйдің көлемі 80 шаршы метр болады.

Бүгін аудан бойынша 50 отбасы сатып алынған жаңа пәтеріне көшіп барды. Солардың бірі көпбалалы ана Ләйлә Жұмағалиева мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек үшін алғыс айтты.

Су тасқыны салдарынан Бөрлі ауданы Пугачев ауылындағы үйіміз қатты бүлінді. Үйімізді тексеріп, «тұруға жарамсыз» деген шешім шығарған комиссия бізге Ақсай қаласынан үй сатып алуды ұсынды. Міне, бүгін төрт бөлмелі пәтерге кіріп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай қамқорлығы үшін ең алдымен Президентімізге алғыс айтамыз, – деді Ләйлә Жұмағалиева.

Бөрлі ауданында су тасқынан зардап шеккен аудан тұрғындары 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік көмек алған еді. Ал тұрмыстық заттар мен жиһаздардың шығынын өтеу үшін бөрлілік 168 отбасыға 63 млн теңге көлемінде қаржы тағы төленді.

Тұрғындардың өз қалауы бойынша Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында – 5 үй, Бәйтерек ауданында – 2 үй сатып алынды. Ал, Орал қаласындағы жалғыз баспанасы болып есептелетін, үйлері апатты деп танылған саяжай тұрғындарына алдағы уақытта жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы