БҚО-да 360 шақырымдай жол құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылған
ИИДМ-нің аппарат кеңесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрлері Еркебұлан Дауылбаев пен Алмаз Ыдырысов Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Президент берген тапсырмалардың толық және сапалы орындалуын бақылап, күшейтудің маңыздылығына баса назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ ведомство басшысы осы бағыттағы жұмыстардың іске асырылуын апта сайын қадағалап, тиісті есепті назарда ұстайтынын жеткізді.
Мәселен, Батыс Қазақстанда автомобиль жолдарының сапасын арттыру мен электр желілерінің тозуын азайту жөніндегі шараларды қабылдауға байланысты бөлінген қаражат есебінен құрылыс-монтаж жұмыстарының барлық түрімен облыстағы 360 шақырымға жуық жол қамтылып отыр. Осы қолға алынған істің нәтижесінде талапқа сай келетін жолдардың үлесі 50%-ға дейін жетеді деп болжануда.
Аталған өңірде жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 4 762 шақырым. Оның ішінде нормативтік жағдайға сай келетін жолдардың үлесі – 39%. Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, қазір Жол картасы әзірленген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, Жол картасын әзірледі. Онда белгіленген талапқа сай келмейтін автомобиль жолдары учаскелерінің тізімі нақтыланған. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының 2022-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітіліп, оның шеңберінде 2025 жылға қарай облыстағы жергілікті жолдарының үлесін 95%-ға дейін жеткізуді көздейтін іс-шаралар қарастырылған, – деді Алмаз Ыдырысов.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, сондай-ақ Атыраудан Ресей Федерациясы бағытындағы (Астрахан) магистралды маршрутты жаңғыртуды уақтылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Бұл орайда Ақтөбе – Атырау – Астрахан дәлізінің тұтастай ұзындығы 634 шақырым және 3 учаскеге бөлінгенін айта кеткен жөн. Осы жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта ұзындығы 277 шақырымның 143 шақырым учаскесінде жаңа асфальтбетон жабынымен жол қозғалысы ашылған.
Бұдан бөлек кеңесте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өңірлерге жасаған іссапарлары аясында берілген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев 2022 жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа тәсілдері мен 6 мақсатты көрсеткішті қарастыратын Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға арналған тұжырымдамалар туралы айтты.
Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу межеленіп отыр. Оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беруге байланысты 18 млн шаршы метр баспана салынады деп көзделген еді.
Еліміздің Президенті берген тапсырмаға сәйкес Алматы мен Астананың инфрақұрылымына түсетін жүктеменің жыл сайын 200 мың шаршы метрге ұлғайып бара жатқанына байланысты 2022-2025 жылдарға арналған тұрғын үйді іске қосудың жоспарлы көлемі қайта қаралды. Осы ретте биыл тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспарлы көрсеткіші 18 млн шаршы метрден 15,1 млн шаршы метрге дейін түзетілді, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Базалық инфрақұрылымды кешенді дамыту аясында 5,3 мың шақырым жерге сумен жабдықтау және су тарту желілерін, 175 шақырым жерге нөсер суға арналған кәріз желілері мен арық жүйелерін салып жаңғырту, сондай-ақ 220 кешенді блок-модулі мен 2407 үйге жылу мен суды есепке алатын қондырғыны орнату жоспарланған. Бұған қоса кәріз-тазарту инфрақұрылымын салып, жаңғырту үшін 11 жобаны іске асыру көзделген.
Жиынды қорытындылаған Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы ерекше бақылауда екенін еске салды.