27 Қараша 2026, 13:19 Фото: polisia.kz

БҚО-да 148 жылқы жоғалған: Төрт күдікті қамауға алынды

Батыс Қазақстан облысында 148 жылқыны ұрлады деген күдікпен төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, қолды болған малдың жалпы құны 86 млн теңгеден асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

20-22 қараша аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның аясында БҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы мен Бөкей ордасы ауданының полиция қызметкерлері бірлесіп, мал ұрлығына қатысты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде мал ұрлығының алты дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынған.

Полиция мәліметінше, тергеу барысында олардың жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқыны ұрлау дерегіне қатысы бары анықталған.

Қазір аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысындағы өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.