БҚО: Батыс энергетикалық аймағын нығайту, кен орындары, газ құбырын іске қосу

Қазақстан экономикасы салаларының 2023 жылғы даму қорытындыларына арналған шолуын жалғасады. Бүгінгі тақырып энергетика және мұнай-газ саласы жөнінде болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Primeminister.kz сілтеме жасап.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетика саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда трансұлттық мұнай-газ корпорацияларының болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын, атап айтқанда, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңнаманың тұрақтылығын көрсетеді.

Сонымен қатар алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылып, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ су электр станцияларын дамыту жұмыстары жалғасын табады.

2023 жылы Қазақстанның энергетика саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы осы материалдан оқыңыздар.

● Қаңтар-қараша аралығында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 82,2 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. 53,8 млрд м3 газ өндірілді (өсім 12%). 26,9 млрд м3 тауарлық газ өндірілді (өсім 6%).

● 64,3 млн тонна мұнай (өсім 10%) және 5,3 млрд м3 табиғи газ (өсім 8%) экспортталды.

● Отандық мұнай өңдеу зауыттары қаңтар-қазан аралығында елімізде 11,2 млн тонна мұнай өнімдерін өндіріп, жоспарды (101,5%) асыра орындады. Жыл қорытындысы бойынша 13,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарлануда.

● Батыс Қазақстан облысында табиғи газдың қосымша көзіне айналатын «Рожковское» ірі кен орны іске қосылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Кен орнын игеру ҚР Ұлттық қорын 500 млрд-тан астам теңгеге, жергілікті бюджетті 110 млрд теңгеге толықтырады.

● Биылғы мамырда «Оңтүстік Ақсай» кен орны, ал желтоқсанның басында «Шығыс Өріктау» кен орны пайдалануға берілді. Орта мерзімді перспективада тағы бірнеше газ жобаларын іске қосу күтілуде, олардың қатарында «Орталық Өріктау» (Ақтөбе облысы), «Батыс Прорва» (Атырау облысы) және «Қаламқас» (Маңғыстау облысы) жобалары бар.

● Елді мекендер мен ірі өнеркәсіп объектілерін тұрақты газбен қамтамасыз ететін «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. Жобаға QazaqGaz және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылды.

● Маңғыстау облысында Сарша елді мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарату құбыры салынды. Жоба құны – 8,3 млрд теңге.

Текелі қ. газ құбыры мен газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. 2023 жылға 1,9 млрд теңге бөлініп, шамамен 190 шақырымы салынды. Жұмысты толық аяқтау 2024 жылға жоспарланған.

 ● Атырау облысында жалпы құны шамамен 100 млрд теңге болатын «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры лупингінің құрылысы аяқталды. Бұл өңірдің газға өсіп келе жатқан сұранысын қамтуға мүмкіндік берді.

● Ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.

● Жер қойнауын пайдаланушылардан ұзақ уақыт бойы келісімшарттық міндеттемелерін орындамай иемденіп келген 19 жер қойнауы учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған учаскелер геологиялық барлауға жаңа инвестиция тарту және кен орындарын өнеркәсіптік айналымға жедел енгізу мақсатында аукционға қойылады.

● Жетілдірілген үлгілік келісімшарт механизмі бойынша (күрделі жобаларды барлау мен өндіруге ынталандыру) инвестиция көлемі $9 млрд құрайтын жер қойнауын пайдалану жөнінде 5 келісімшарт жасалды.

● БАӘ-нің энергетикалық компаниясымен табиғи уранды жеткізу бойынша тарихтағы алғашқы келісімшарт, сондай-ақ ҚХР-ның энергетикалық компаниясымен табиғи уранды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.

● Биыл республика бойынша энергия нысандарының құрылысы мен оларды жаңғыртуға 146,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 19 млрд теңге – жеке инвестиция. 8 энергоблок, 43 қазандық және 40 турбина жөнделді.

● Астанада ЖЭО-3 бірінші кезегі, сондай-ақ «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылу станциялары іске қосылды. Бұл объектілердің жиынтық қуаты елорданы қажетті жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Астана қ. ЖЭО-3-тің төрт қазандығы да жұмыс істеп тұр.
«Тұран» ГЖС қаланың сол жағалауындағы жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасыз етеді.
«Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы «Бағыстан» тұрғын үй кешені, «Мыңжылдық аллеясы» аумақтарын, қаланың сол жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етеді.

● Үкімет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды, Екібастұз және Риддер қалаларындағы ЖЭО-ын күрделі жөндеуге, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы ЖЭО-1, ЖЭО-2 және МАЭК ЖЭС-ға жабдықтар сатып алуға 21 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

● Екібастұз 1-МАЭС-ті қуаты 500 МВт болатын №1 блокты қалпына келтіре отырып, жаңғырту және реконструкциялау бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылдың маусым айында толық пайдалануға беріледі.

● Биыл Екібастұз 2-МАЭС-ті кеңейту және реконструкциялау бойынша ірі жоба іске асырыла бастады. Онда қуаты 636 МВт-қа дейін жететін №3 энергоблок салынады.

● Оралдағы ЖЭО-ның тарату жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту, Түркістан, Леңгір, т.б. қалалардағы қосалқы станциялардың құрылысы аяқталды.

● Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен қалаларында ЖЭС салу мәселесі пысықталуда.

● Электр энергиясын өндіру 112,9 млрд кВт/сағ деңгейінде болады деп күтілуде. Сонымен қатар жыл сайын электр энергиясын тұтыну көлемінің артып келе жатқанын ескере отырып, жаңа жобалар пысықталып жатыр, қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту жалғасуда.

● 1 шілдеден бастап Қазақстанда нақты уақыт режимінде электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату механизмі (бірыңғай сатып алушы) енгізілді. Бұл ішкі нарықта электр энергиясын сатып алу-сату кезінде алыпсатарлық операцияларды жоюға, тиімсіз делдалдардың санын азайтуға және көршілес энергия жүйелерімен шекарада электр энергиясы ағындарының ауытқуын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

● Қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтерілді, бұл энергия өндіруші ұйымдардың негізгі жабдықтарын жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту және жаңарту бойынша жобалар пулын ұлғайтуға мүмкіндік берді.

● Қазақстанның Батыс аймағының электр желісін нығайту бойынша стратегиялық маңызды жоба жүзеге асырылды, оның аясында жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық бес 220 кВ электр тарату желісі салынды. Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі жалпы алғанда екі есеге артты. Бұл жоба өңір экономикасының одан әрі дамуына айтарлықтай серпін береді.

● Жаңартылатын энергия саласында жалпы ел экономикасының және саланың дамуына әсер ететін бірқатар маңызды оқиғалар болды:

– 2027 жылға дейін жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын ЖЭК объектілерінің құрылысына 5 жылдық аукциондық сауда-саттық кестесі бекітілді. Бұл салаға инвестиция тартып, алдағы жылдары елімізде экологиялық таза энергия өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

– Жалпы қуаты 495,6 МВт болатын 16 ЖЭК объектісі іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі шамамен $450 млн құрады.

2023 жылы Балқашта қуаты 4,77 МВт болатын жаңа күн электр станциясы іске қосылды. Инвестициялық жоба «Коунрад» (Kounrad Copper Company) компаниясы қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

– Жаңартылатын энергия көздері саласында жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік инвесторлармен бірқатар келісімге қол қойылды. БАӘ, Total Energies және China Power International Holding-пен бірлесе жалпы қуаты 3 ГВт болатын үш жел электр станциясын салу жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы