БҚО әкімі Дубайда топ жарған Қабірхан тұлпардың иесін қабылдады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінде жеңіске жеткен әйгілі Қабірхан сәйгүліктің иесі, кәсіпкер Тілек Мұханбетқалиевті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы әйгілі тұлпардың иесі Тілек Мұқанбетқалиевті үздік арғымақ баптап, әлемдік додада жеңіске жетуімен құттықтады.
Бұл барша Қазақстанның жеңісі. Еліміздің көк туы кезекті рет әлемдік аренада асқақтап, мерейіміз үстемдеді. Бұл жеңіс – өңірімізде, жалпы елімізде ат спортының дамуына серпін береді, - деді Нариман Төреғалиев.
Өз кезегінде Тілек Мұханбетқалиев өңірдегі ат спортының дамуына қолдау көрсетіп отырғаны үшін облыс басшылығына алғыс білдіріп, биыл елімізде өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында облыс атынан бәйгеге ат қосуға дайын екендігін айтты.
Еске салайық, Қабирхан Дубайдағы Al Maktoum Challenge (1-топ) Presented by Longines бәйгесінде мәреге бірінші болып жеткен еді. Жарысқа 12 тұлпар қатысты. Олар 1900 метр қашықтықта сынға түсті. Шабандоз Патрик Доббс мінген қазақстандық сәйгүлік Кабирхан 1 минут 57 секундта мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп Мими Какуши, Атлетико Эль Кулано, Клэптон, Фёрст Конститьюшен, Милитари Ло сияқты әйгілі тұлпарларды артта қалдырды.
Нәтижесінде қазақстандық сәйгүлік бір миллион доллар көлемінде бас жүлдеге ие болды.