БҚО әкімдігі пойыздың вагон саны мен әуе рейсін көбейтуді сұрауда
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев Ресей азаматтарының көші-қон процесіне қатысты мемлекеттік органдардың атқарған қызметі туралы баяндады, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
БҚО әкімдігі пойыздарға қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде келіссөз жүргізуде
Облыс әкімі орынбасарының айтуына, Ресей Федерациясы мен Қазақстан шекарасы аумағында ахуал толық бақылауда.
Сырым, Шаған, Тасқала, Теплый шекара посттарында тәулік бойы үздіксіз полиция департаменті қызметкерлері жұмыс істеуде. Орал қаласы бойынша патрульдік полиция мен жаяу нарядтар көбейтіліп, барлық қоғамдық жерлер бақылануда. 25 еріктіден құрылған облыс орталығындағы алаң, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде. Волонтерлер ресейліктер жиналған орындарда қол ұшын беріп жатыр, - деді Бақытжан Нарымбетов.
Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, шекарадан облыс орталығына дейін және одан әрі жеткізу орындарына дейін 1 адамнан 700 рубльге тасымалдау жүргізілуде. Сондай-ақ «Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында 330 орынға келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Онда уақытша тұру және тамақтану қызметтері – 5000 теңге.
Барлық пойыз бағыттарына қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде сұраныстар бойынша тиісті министрлік пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Облыс әкімі азық-түлік тапшылығына жол бермеуді және тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды, мониторингтік топтар жұмыстануда. Алаңдауға еш себеп жоқ, облыс бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, - деді Бақытжан Нарымбетов.
ЖСН алу үшін үлкен кезек бар
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаевтың айтуынша, Оралдағы ХҚКО-ларға елде уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қызметі үшін үлкен кезек байқалады.
Өз азаматтарымыздың қызмет алуына қолайлы жағдай жасау үшін біз шетелдіктерді Жамбыл көш. 81/2 мекенжайы бойынша орналасқан №1 ХҚО-нда қабылдауды жөн көрдік. Қазір ХҚО бөлімдеріне келген Ресей азаматтарының басым бөлігі ЖСН алуға өтініш беруде. Шетелдіктер үшін ЖСН куәлігін 1 жұмыс күні ішінде алады, қызмет тегін, - деді Надир Шамұратұлы.
Шетелдіктің орналасқанын хабарламаған қонақүй мен пәтер иелері айыппұл арқалайды
БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин қонақүйлердің, хостелдердің, пансионаттардың, жатақханалардың, жалға берілетін пәтерлердің иелерін көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті. Аталған хабарлама шетелдік азамат келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде беріледі. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы Ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда жоғарыда аталған меншік иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 518-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады. Заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 АЕК, айлық, қайталанған жағдайда 100 АЕК дейін айыппұл қарастырылған, бұл 306 мың теңге, - деді Жанболат Жаншин.