БҚО 180 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан облысында 203 әлеуметтік инфрақұрылым нысан бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше,  оның 180 нысаны 2023 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толық бейімделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2027 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

Жобада қол жетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуі тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023-2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 12 169 нысан бейімделді.

Батыс Қазақстан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1200 нысанды бейімдеу қарастырылған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға бейімдеуге жоспарланған 240 нысанның 203-інде бейімдеу іс-шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында 180 нысанның толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:

- білім беру нысандары – 71 (жалпы білім беретін орта мектептер);

- мәдениет нысандары – 43 (мәдениет үйлері және ауылдық клубтар);

- спорт нысандары – 6 (спорт кешендері);

- денсаулық сақтау нысандары – 12 (аудандық және қалалық ауруханалар);

- мемлекеттік мекемелер – 38 (аудандық әкімдіктер мен бөлімдер);

- шағын және орта бизнес нысандары – 10 (дүкендер және басқалар).

23 нысан ішінара бейімделген деп танылды, сонымен қатар 37 нысан қосымша бейімделеді.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 46 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 15 – жоспардан тыс тексеру және 31 – профилактикалық бақылау шеңберінде болды.

Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 30 ұйғарым беріліп, 603 мың теңге сомасына 4 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы