Бозымбаев коммуналдық саладағы үш маңызды мәселені атады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысында үш маңызды мәселеге назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазір өңірлердің басым бөлігі тиісті жөндеу жұмыстарын бастады. Алайда бірқатар әкімдік жобаларды жүзеге асыру қарқынын күшейтуі қажет.
Баяндамада көрсетілген әкімдіктер ағымдағы жылғы жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алып, жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар 2027 жылға жоспарланған барлық өңірлік жоба бойынша алдын ала дайындық жұмыстарын пысықтап, тиісті шараларды қабылдау қажет, – дейді Қанат Бозымбаев.
Премьер-министрдің орынбасары тұтынушыларды есепке алу құралдарымен толық жабдықтамай, коммуналдық саланы цифрландыру мүмкін емес екенін атап өтті.
Осыған байланысты Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, қысқа мерзімде әрбір өңір бойынша есепке алу аспаптарын орнату қажеттілігін айқындауы керек. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен бірге осы жобаларды іске асыру жөніндегі 2029 жылға дейінгі нақты іс-шаралар жоспарын бекіту қажет, – дейді ол.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге арналған тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Процестерді толық автоматтандыру мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, бірыңғай есеп айырысу орталықтарын мемлекеттік ақпараттық жүйелермен қысқа мерзімде интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет, – дейді Премьер-министрдің орынбасары.