Жандарбек Бекшин: Бойыңызда тұмау белгілері болса, үйде құлшылық етіңіз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикадағы эпидемиологиялық жағдай көптеген инфекциялық аурулар бойынша тұрақты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
2019 жылдың 4 айында республика халқы арасында оба, сібір жарасы, іш сүзегі, паратифтер, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, трихинеллез, висцералды лейшманиоз, құтырма аурулары тіркелген жоқ.
"2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда А вирустық гепатитімен 2,8 есеге, бактериялық дизентериямен сырқаттанушылық – 44,9%, желшешек –32,8%, сальмонеллоз – 29,9%, тыныс алу органдарының туберкулезі – 11,3%, тұмау – 11,0%, ЖРВИ 9,9% төмендеді", - дейді Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Алда жаз мезгілі келе жатыр, сол себепті басты мәселелердің бірі – ішек инфекциялары аурулары.
"Рамазан айында мұсылман қауымы мешітке барып жүр. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – Қадір түні. Бұл түні мұсылман қауымы мешітке барып, намаз оқиды. Біздің ұсыныс – егер бойыңызда тұмау белгісі болса, үйде құлшылық етіңіз. Инфекциялық аурулар ауа арқылы таралады, сол себепті ауырып қалған болсаңыз – Қадір түні үйде қалуларыңызды сұраймыз. Имамдарға айтарымыз, былтырғыдай мешіттердің ішін желдетуіміз керек", - дейді Жандарбек Бекшин.