Бөтен адамға ақша аударған: Астаналық кәсіпкер заң алдында жауап береді
Астанадағы азық-түлік дүкенінің иесі дропперлікке байланысты қылмыстық істің фигурантына айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылы өңір тұрғыны интернет-дүкендердің бірі арқылы квадроцикл сатып алуды ұйғарған. Тараптар құны 680 мың теңге болатын тауарға келісіп, ақша көрсетілген есепшотқа аударылғаннан кейін «сатушы» байланысқа шықпай қойған. Өзін алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген әйел полицияға арызданған.
Полиция қызметкерлері ақша түскен есепшоттың иесін анықтады. Ол Астанада тұратын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азық-түлік дүкенінің иесі болып шыққан.
Күдіктінің түсіндіруінше, бұған дейін оған белгісіз ер адам келіп, сыйақы үшін өзінің банк шотын ақша аударымдарына пайдалануды ұсынған. Мүмкін салдарын ойламастан, әйел келісім берген. Қаражат түскен соң ол белгілі бір пайызын өзіне қалдырып, қалғанын қолма-қол ақшаға айналдырып, үшінші тұлғаға тапсырған. Осы дерек бойынша кәсіпкер әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді ІІМ.
Полиция 2025 жылдан бастап дропперлік ресми түрде қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын әрекет ретінде танылғанын еске салады. Үшінші тұлғаларға өз банк шотын, картасын немесе реквизиттерін беру — тіпті «уақытша», «өтінішпен» немесе «ақы үшін» болса да — қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Полицияда қазіргі техникалық мүмкіндіктер қылмыстық схемаларда пайдаланылған есепшоттардың иелерін өте қысқа уақытта анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осындай әрекеттерге қатысу, тіпті алаяқтық жасау ниеті тікелей болмағанның өзінде, ауыр құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін.