22 Шілде 2026, 10:21 Фото: istockphoto.com

Бөтелкедегі суды сатып аларда нені ескеру керек? Мамандар маңызды кеңестер айтты

Маман қаптамадағы ауыз суды таңдау мен сақтауда ескерілетін негізгі талаптарды түсіндірді.

Жаз мезгілінде ағзаның суға деген қажеттілігі артады. Ыстық күндері көпшілік шөлді қандыру үшін қаптамадағы ауыз суды жиі тұтынады. Алайда сатылымдағы барлық бөтелкедегі судың сапасы бірдей емес. Сондықтан өнімді таңдағанда оның қауіпсіздігі мен сапасына мұқият қарау қажет. Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, ең алдымен судың қандай мақсатқа арналғанына назар аударған жөн.

Қаптамадағы су ауыз су, табиғи минералды су және балалар тағамына арналған су болып бөлінеді. Күнделікті тұтынуға асханалық ауыз су немесе асханалық минералды су қолайлы. Ал емдік және емдік-асханалық минералды суды тек дәрігердің ұсынымымен пайдалану қажет, – деді Мұқамғали Арыспаев.

Маман суды сатып аларда бөтелкенің сыртқы күйін де мұқият тексеруге кеңес береді.

Қаптамасы майыспаған, қақпағы мықтап жабылған, қорғаныш сақинасы бүлінбеген болуы тиіс. Сондай-ақ заттаңбасы тегіс жапсырылып, ондағы ақпарат анық әрі толық көрсетілуі қажет. Өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, судың құрамы және шыққан көзі міндетті түрде жазылуға тиіс, – деді ол.

Спикердің сөзінше, сапалы ауыз су әрдайым мөлдір болады.

Оның құрамында тұнба, үлпек немесе бөгде қоспалар болмауы керек. Егер судың түсі өзгерген немесе бөтелке ішінде бөгде бөлшектер байқалса, мұндай өнімді пайдаланудан бас тартқан дұрыс, – деді департамент басшысының орынбасары.

Ол балалар тағамына арналған судың ерекше талаптарға сәйкес өндірілетінін де атап өтті.

Балалар тағамына арналған судың минералдану деңгейі төмен болады, сапасы қатаң бақылаудан өтеді және 1 жасқа дейінгі балаларға арналған жағдайда қайнатпай пайдалануға жарамды, – деді Мұқамғали Арыспаев.

Маман қаптамадағы суды дұрыс сақтау да маңызды екенін айтты.

Оны +2°С пен +20°С аралығындағы температурада, күн сәулесі тікелей түспейтін, құрғақ әрі жақсы желдетілетін жерде сақтау ұсынылады. Пластик бөтелкелерді қыздыруға болмайды, себебі жоғары температураның әсерінен пластиктен суға зиянды заттар бөлінуі мүмкін, – деді ол.

Сондай-ақ бөтелке ашылғаннан кейінгі сақтау тәртібіне де тоқталды.

Бөтелке ашылғаннан кейін суды тоңазытқышта сақтап, 3–5 күн ішінде тұтынған жөн. Ал көлемі үлкен бөтелкелерді (19 литр) пайдаланатын кулерлер мен помпаларды арнайы бактерияға қарсы құралдармен жүйелі түрде жуып, залалсыздандыру қажет, – деді спикер.

Мұқамғали Арыспаевтың айтуынша, Қазақстанда қаптамадағы ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі Еуразиялық экономикалық одақтың «Қаптамадағы ауыз судың, оның ішінде табиғи минералды судың қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламентімен (ТР ЕАЭО 044/2017) және қолданыстағы санитариялық талаптармен реттеледі.

ЕАЭО нарығында мұндай өнімді рұқсат құжаттарынсыз айналымға шығаруға жол берілмейді. Балалар тағамына арналған ауыз суға, емдік және емдік-асханалық минералды суға мемлекеттік тіркеу туралы куәлік рәсімделеді. Ал асханалық минералды суға, табиғи және өңделген ауыз суға сәйкестік туралы декларация ресімделеді. Бұл құжаттар өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды, – деді ол.

Маман тұтынушыларға бірнеше қарапайым кеңес берді:

  • суды тек сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
  • заттаңбадағы ақпаратпен міндетті түрде танысыңыз;
  • жарамдылық мерзімі өткен немесе қаптамасы бүлінген өнімді сатып алмаңыз;
  • бөтелкені тікелей күн сәулесінің астында сақтамаңыз;
  • ашылған суды ұзақ уақыт сақтамай, ұсынылған мерзімде тұтыныңыз.

Сапалы ауыз суды дұрыс таңдау – өз денсаулығыңыз бен отбасыңыздың қауіпсіздігін қорғаудың маңызды кепілі, – деп түйіндеді Мұқамғали Арыспаев.