«Ботай» – адамзат өркениетінің бастауы
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан Ботай тұрағына шетелдік ғалымдардың қызығушылығы артып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына енген 25 нысан бар. Оның сегізі республикалық маңызға ие. Солардың бірі төрт түліктің төресі – жылқы малы қолға үйретілген «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі.
Жоғарыда аталған тізімге енген Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, қазақтың этнограф-ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғаным ханшаның қонысы, Ақан сері мазары орналасқан Айыртау ауданында туризмді дамытудың тетіктері мол. Солтүстікқазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт бастаған ғалымдардың бір тобы осы жерде жабайы жылқы алғаш рет қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жыл сайын жүргізілетін қазба жұмыстарында табылған жәдігерлердің көмегімен тарихшылар энолит дәуірінің соңында өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен мәдениеті жайында тірнектеп жинаған мәліметтер тарихтың талай жұмбағын ашты.
Ботайды әлемге танытқан тұлғалар
1927 жылы дүниеге келген ол – әйгілі Ботай ұрпағынан тараған. Ботай – Ресейдің отаршылдық саясатына мойын ұсынудан бас тартып, жергілікті қазақтардың шұрайлы алқаптарына қоныстанған переселендерге қарсылық танытып, орыс әкімшілігіне қызмет қылудан бас тартқан оқыған, батыл тұлға ретінде белгілі.
Ол Қарағанды педагогика институтының сырттай бөлімінде білім ала жүріп, ауыл мектебінде сабақ береді. Оқуын тәмамдап, жоғары оқу орнының дипломына ие болғаннан кейін туған ауылының іргесіндегі Никольское елді-мекеніндегі мектептің директоры болып тағайындалады. Тарих пәнінің мұғалімі шәкірттерімен бірге село жанынан ағып жатқан Иман-Бұрлық өзеніннің жағалауында жиі экускурсия жасайды. Оған бала кезінен су қоймасының жанында шашылып жатқан сүйектердің сырын білуге құштарлық итермелесе керек. Сүйек, тастан әзірленген бұйымдар, тағы басқа заттарды оқушыларға жинатып, Көкшетаудағы музейге апарып тапсырады. Мұражай көрмесінде 10 жылға жуық уақыт тұрса да, бұл жәдігерлерге мән беріп, қызыққан жан болмаған. Тек 1980-ші жылдардың басында Петропавл педагогикалық институтының мұғалімі Виктор Зайберт, бұл жәдігерлерге назар салады. Олардың қайдан келгенін сұрастыра келе, Никольское ауылынан табылғанын біліп, тарихи орынды өз көзімен көріп, ғылыми тұрғыдан зерттеуге кіріседі.
Виктор Феодорович Зайберт – Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының тумасы. Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы тас ғасырының ескерткіштерін зерттеу саласының маманы, тарих ғылымдарының докторы, архология профессоры. Германия архологиялық институтының корреспондент мүшесі, бірнеше ғылыми жаңалықтар мен Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы жайындағы 100-ден астам кітаптың авторы. Ол 40 жылға жуық уақыттан бері Ботай тұрағын зерттеумен айналысып келеді.
Ботайдағы әлемді таңдай қақтырған жаңалықтар
Ғалымдардың болжауынша энолиттіктер 20 гектар аумақта қоныстанған. Виктор Зайберт бастаған топ бүгінгі күнге дейін 15 мың шаршы шақырым аумақта қазба жұмыстарын жүргізіп, 200 мыңнан астам жәдігер табылған. Оның басым бөлігін жылқының сүйектері құрайды. Табылған заттардың тарихи құндылығының деңгейін түрліше бағалауға болады. Қазба жұмыстары кезінде анықталған жәдігерлердің арасынан адамның бас сүйегін ерекше атап өтуге болады.
«Бұл фантастика болып көрінуі мүмкін, дегенмен трипонация белгілері бар бас сүйек тауып алдық. Терең зерттеулер мұндай операция 11 жастағы гемофродит балаға жасалғанын, одан кейін адамның 15 жылдай өмір сүргенін көрсетті. Әрі олар тесілген сүйектің қайта бітіп, жабылып қалмауын қадағалап отырған. Тас ғасырында мұндай операция қалай жүзеге асырылғанын да елестету қиын. Оны жерлеу рәсіміне қарап, шаман болғанын айта аламын. Неге екені белгісіз, марқұмның денесінен басы кесіп алынып, жанына қойылған. Тағы бір таңдай қақтырған дүние – тастан жасалған моншақ болды. Оның ұзындығы үш жарым, диаметрі 4 мм құрайды. Оған біз кәдімгі ине-жіпті өткізе алмадық, оған тек ағылшын түйреуіші кіреді. Микроскоппен қарағанда әр тастың ішінде механикалық қуыс байқадық. Яғни, әрбіреуінің екі жағы тесік те, ортасы қуыс. Оны ботайлықтар қалай жасағанына талай бас қатырып, жұмбақтың шешімін таба алмадық. Олар қола дәуіріне дейін 2 мың жыл бұрын жез бұйымдарды пайдаланған. Қатарында керемет зергер, суретші, шебер, емшілер болған», - дейді археолог Виктор Зайберт.
Табылған заттардың арасында кездескен түрлі кескіштер, қару-жарақ, тастан жасалған тұрмыс құралдары ботайлықтардың кез-келген дүниені ұтымды пайдалана білгенін аңғартады.
Ботай – тиімді туристік жоба
Ботай тұрағы тек ғалымдардың ғана емес, туристердің де назарын өзіне аудартары заңдылық. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Никольское ауылында «Ботай» мемлекеттік музей-қорығы жұмысын бастаған болатын.
«Биыл музей-қорыққа келушілер алғаш рет қазба жұмыстарына қатысып жатыр. Жәдігерлердің барлығы жиналады. Арнайы қор құрылды. Әр қазба жұмысында олжа табылып жатады. Биылдың өзінде 500-ге тарта жәдігер анықталды. Олардың құндылығы әртүрлі заттар. Сондықтан біз тарих үшін ең бағалы дегендерін аламыз. Ең көне жәдігер 6 мың жыл бұрын тіршілік еткен жылқылардың сүйектері. Табылған заттардың 99,9 пайызы жылқы малының сүйектері. Қазақстанның 3 жоғары оқу орнынан студенттер келіп, қазба жұмыстарына қатысты. Оған мектеп оқушылары да жұмылдырылып жатыр. Ұлыбританиялық ғалымдар келіп, топырақтан сараптама алды. Шетелдіктер жыл сайын жаз мезгілінде келіп, біздің ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейді», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Уәлихан Құлбаев.
Ал арнайы ұйымдастырылған көрмеде пышақ, кескіш, найзаның ұшы сынды тұрмыстық заттардан басқа жәдігерлер де ашық аспан астындағы музейге келушілердің қызығушылығын тудырды. Мәселен, тастың ортасын тесуге арналған ағаш пен қылдан жасалған құрал ботайлықтар үшін ұтымды техноголия болғаны сөзсіз. Осыдан 6 мың жыл бұрын тіршілік еткен адамдардың сүйектері, энолит дәуірінен үнсіз сыр шерткендей. Музей қызметкерлері меймандарға көне жәдігерлердің қалай пайдаланылғандығын көрсетті.
Талай сырды ішіне бүккен ежелгі Ботай қонысында ғылыми зерттеу жұмыстарымен бірге, музейді туристік жоба ретінде дамыту жағы да қолға алынуда. Болашақта Никольск ауылының жанындағы қорықта негізгі павильон орын тебеді. Туристерді қызықтыру мақсатында мұнда сәулет өнерінің, археология, жылқы музейлерін ашу жоспарда бар. Мұнда «Адам және ат» бағдарламасы да әзірленуде.
Ботай баспанасы – киіз үйдің ежелгі нұсқасы
«Ботайлықтардың үйлері жер бетінен 1,5 метр тереңдікте болған. Төбесін жабуға ағашты пайдаланып, оны жылқы терісімен, балшықпен жапқан. Қыста үйлерді қар басқан кезде олар бір шұңқырдан далаға шыққан. Әр көшеде 10-15 үйден болған. Олардың барлығы жерасты жолдарымен жалғасып жатқан», - дейді «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі Өмірсерік Ерғалиев.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, әр қоныстың арасы бір-бірінен 150-200 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол заманның өмір салтына сәйкес, әр тайпаға күн көру үшін қыруар жер қажет еді. Бір жағын көл мен келесі бетін орман көмкерген жазықта қаулап өскен жап-жасыл шөп назарын өзіне аудартады. Бір қарағанда жай ғана алқап болып көрінген жасыл желек талай сырды ішіне бүккенін арнайы мамандар ғана біледі. Яғни, ботайлықтардың қонысы осылай ерекшеленіп тұрады. Археологтар оны адамдар қоныстанған жерлерде жылқының қиы сынды тыңайтқыш заттардың әсерімен түсіндіреді.
«Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда климаттың құрауына байланысты адамға үйреншікті ландшафттар, су құрамы, температура режимі бұзылған. Ол экологиялық кризиске алып келді. Үндіеуропалықтар, Орал, Алтай этникалық топтарының жаппай көшуі сол кезде басталған. Ботайлықтар бұл жағдайда екі түрлі әрекет жасады: олардың бір тобы батыс пен шығысқа ойысып, өздеріне қолайлы климат іздеуге кірісті. Олардың басқа этникалық топтармен араласуына байланысты тарихи тағдыры беймәлім болып қалды. Ал екіншілері өзендерді айнала қоныстанып, жылқы ұстап, балық аулап, егіншілікке бет бұрып, отырықшылыққа бейімделді. Жылқымен бірге басқа да ірі-қара мал өсіре бастады», - дейді Виктор Зайберт.
«Ботай» шетелдік ғалымдарның назарында
«Ботай» қорығы Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Литва, Дания сынды мемлекеттердің ғалымдарының қызығушылығын тудырып отыр. Олар әр бағытта түрлі зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Кембридж университетінің профессорв Маша Левине бастаған ғалымдар тобы жүргізген зерттеу экспедициясы да өз жемісін берді. Әлемге әйгілі Би-Би-Си телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының тыныс тіршілігі, олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған жылқы жануары жайында деректі фильм түсірді. Тарихшы Виктор Зайберт Ұлыбританиядағы Корольдік ғылым академиясының шақыртуымен Лондонға барып, Белфаст, Оксфорд, Эдинбург сынды әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының қатарындағы университеттердің студенттеріне дәріс оқыды.
«Батыс елдерінің 30-дан астам маманы ботай мәдениетін зерттеумен айналысып жүр. Біз тақырыптарды бөлісіп алғанбыз. Мәселен мен әріптестеріммен бірге тарихи-мәдени проблемаларды зерттеймін. Оның ішіне ұлттың, этностың тарихы, мәдениеті кіреді. Тың технологияларды меңгерген шетелдіктер жәдігерлердің құрамын зерттейді. Қыш құмыралардың сынықтарынан қымыз молекулаларын, найзалардың ұштарынан адамдар мен жануарлардың қанын осылай таптық», - дейді Виктор Феодорович.
Ботай мәдениеті – тарихшы ғалымдарды мазалаған көптеген сұрақтарға жауап тауып берді. Дегенмен, 40 жыл зерттелсе де, Ботай қонысының әлі де бүккен сырлары көп.