Ботагөз Жақселекова: МСҚ іске қосылғалы 149,2 млрд теңге жарна түсті
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың ақпан айында Медициналық сақтандыру қорына 7,6 млрд теңгеден астам жарна түскен.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекованың айтуынша, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 149,2 млрд теңгені құраған.
"Оның 140,5 млрд теңгесі немесе 94,2% жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,7 млрд теңге 5,8% – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі", - дейді Ботагөз Жақселекова.
Жарна төлеу жағынан Алматы, Астана мен Қарағанды облысы бұрынғыдай көш бастап тұр.
Медициналық міндетті сақтандыру жарнасын қазір жұмыс берушілер төлеп отыр. Олар биыл қарамағындағы әр жұмыскер үшін жалақысының 1,5 пайызын, келер жылдан бастап 2 пайызын қорға аударатын болады.
Жеке кәсіпкерлер 2019 жылы өзі үшін жарна төлеу міндетінен босатылған. Бірақ қарамағында жұмысшылары бар кәсіпкерлер жұмыс беруші ретінде жарна төлеуді тоқтатпайды. Ал, жеке тұлғалар 2020 жылдан бастап айлық жалақысының 1 пайызын қорға аударады. Сонымен қатар, келер жылдан бастап мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 миллионға жуық азаматты сақтандыра бастайды.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.