Босқындар лагерін көзбен көрген дәрігер: Ауғанстанда жаңа туған 20 сәбидің 11-і шетінейді

Олар бұл сапарды көпке дейін ұмытпайтыны анық... Ауғанстанға гуманитарлық миссия бригадасымен көмек көрсетуге барып келген академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының жоғары білікті травматолог-ортопед дәрігері Руслан Әбілев сапардан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Ауғанстан сапарында ең қиыны не болды?

- Шынымды айтсам, ол жақта бәрі қиын. Бір нәрсені бөліп қарау мүмкін емес. Қайда қарасаң да, ауыр жағдай. Оны сөзбен жеткізу қиын, әрі адамдарды қорқытқым келмейді. Жағдай өте ауыр. Соңғы 50 жыл бойы соғыс жүрді. Жалпы тарихтан білесіздер, бұл жер мыңдаған жылдар бойы соғыстан көз ашпаған. Бұл үнемі шайқас жүретін жер. Не айтуға болады? Қирау, күйреу… Бірақ соған қарамастан, оларда бәрін қайта көтеруге деген жігер бар. Оларға міндетті түрде көмектесуіміз керек. Қалай десек те, олар – бізге бауырлас халық. Біз көмектесуге тиіспіз.

- Операция жасауға жағдай болды ма?

- Иә, белгілі бір деңгейде болды. Кейбір жағдайды өзіміз жасадық. Қазақстаннан өзімізбен бірге қажетті құралдар мен металлоконструкциялар жиынтығын алып бардық. Соның арқасында біз кең көлемдегі операцияларды жасауға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар ауған әріптестерімізге өз тәжірибемізді бөлістік.

- Босқындар лагеріне бардыңыздар ма?

- Иә, бардық. Ондағы жағдаймен таныстық. Жағдайларын көрдік, қандай көмек қажет екенін түсіндік. Ұсыныстар бердік.

Білесіздер ме, Ауғанстан – ата-бабаларының қаны тамған қасиетті жер. Бұл елді ешкім тарихта жеңген емес. Олардың қайсарлығы – үйренуге тұрарлық қасиет.

Ауған халқының ең әсер еткен тұсы – осыншама қиындыққа, ауыр сынақтарға қарамастан, олар адамдық болмысын жоғалтпаған. Ауған факторын елемеуге болмайды. Олар өздері айтқандай: «Ауғанға жақсылық жасасаң, өмір бойы ұмытпайды». Бірақ керісінше жамандық жасасаң, оны да есте сақтайды.

Сондықтан ертең олардың таңдауы бір күн туындаса, Қазақстанға деген көзқарастары біз көрсеткен көмекті еске түсіріп тұрады деп сенемін.

- Зардап шеккендер арасында балалар көп болды ма?

- Иә, балалар өте көп болды.

- Балалармен де жұмыс істедіңіздер ме?

- Әрине. Ауғанстанда да біздегідей ересектер мен балалар бөліп қаралады. Травматологияда да, ортопедияда да солай. Біз арнайы балалар орталығына да бардық. Ондағы жағдай өте қиын. Жаңа туған 20 сәбидің он бірі шетінейді.

- Босқындар лагеріне бару мақсатыңыз қандай болды?

- Көмек көрсету, жағдайды көру, проблемаларды анықтау. Алдағы ынтымақтастықта нақты не қажет болатынын білу үшін бардық.

- Лагерь қандай екен?

- Лагерь, бұл – үлкен шатырлы қала. Ол жерде тамақ таратылады, медициналық көмек көрсетіледі. Біз жергілікті педиатрларға көмектестік. Кейін оларды отбасыларға бөліп, аймақтарға таратады, көтерме жәрдемақы береді. Бұл босқындар – Ауғанстаннан, сондай-ақ Пәкістаннан қайтарылғандар. Қазір Пәкістанда ауған босқындарына қатысты күрделі жағдай болып жатыр.

- Сіз қанша операция жасадыңыз?

- Мен нақты санамадым. Бұл тек жеке орындайтын жұмыс емес. Бізде командалық жұмыс – травматологтар, ортопедтер бірлесіп істейді. Біреуі жауапты хирург болса, екіншісі сүйекті орнына келтіреді, үшіншісі металлоконструкция қояды. Біз үшін бұл – топтық еңбек.

- Қандай операциялар жасалды?

- Травматологиялық, ортопедиялық және реконструктивті операциялар жасалды. Асқынған жарақаттар да көп болды – іріңдеу, инфекциялар, созылмалы асқынулар. Мен өз бөлімімде дәл сол бағытпен айналысамын және бұл сапарда тәжірибем өте қажет болды. Біз Илизаров әдісін енгіздік, әрі қарай да бірлесіп жұмыс істейміз деп ойлаймын.

Ауғанстанның денсаулық сақтау министрімен кездестік. Студенттерді Қазақстанға оқуға жіберу туралы келісімдер жасалды.

- Ауғанстанда қанша күн болдыңыздар?

- 10 күн.

- Ауғанстанға жіберу үшін сіздерді қандай критериймен таңдады?

- Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Бірақ айтарым – бұл сапар маман ретінде өзіңді сынаудың бір түрі. Мұндай сапарды ешқашан ұмытпайсың. Бұл – баға жетпес тәжірибе.

Менің ойымша, бұл сапар соңғы емес. Бұл елге көмектесу қажет. «Ауған факторы» дегенді елемеуге болмайды. Бұл жолы мен оны айқын түсіндім. Бұл сапар бізге жайдан-жай берілген сынақ емес.

- Есіңізде ерекше қалған сәт болды ма?

- Айтар едім, бірақ ол туралы айту қиын. Бұл айтатын нәрселер емес…

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы