Қазақстан пана іздеп келген 5 қандасымызға да "Босқын" мәртебесін бере алмады – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытайдағы саяси жағдайға байланысты бес бірдей қандасымыз елге келіп "Босқын" мәртебесін сұраған болатын. Бірақ оларға бере алмадық. Мұндай пікірді Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы айтты.

Көші-қон мәселесі еліміздегі өте өзекті мәселелердің бірі. Ол еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделіне, демографиялық өсімге, шетелде жүрген қандастарымыздың тағдырына тікелей қатысты.

Қазақстан Республикасына келген этникалық репатрианттар және қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау. Ол үшін заң жобасында біріншіден, шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда рұқсат алмай-ақ уақытша еңбек қызметімен айналысуға мүмкіндік беріледі. Екіншіден, осы заң жобасында оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауды өңірлік квотасын белгілеу құзіреті көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүктеу ұсынылады. Бұл оралмандар мен қоныс аударушыларға көмек көрсетуге бөлінетін бюджет қаражатын толығымен игеру қажеттілігін жеңілдетеді, - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңда оралман статусын алу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы талап етілмейтін. 

Мысалы, бір өңірде тіркелген этникалық қазақ оралман мәртебесін алу үшін басқа өңірге де бара беретін. Енді бұл заң жобасы тек тіркелген жер бойынша ғана оралман мәртебесін ала алады. Төртіншіден, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын қабылдаудың мүмкіндігін кеңейту мен алуын жеделдетуге жаңа нормалар енгізілді. Заң жобасын талқылау үшін төрт жұмыс тобы өткізілді. Сенат депутаттары мен Сенат аппараты бөлімдері тарапынан берілген ұсыныстар мен түзетулер жұмыс тобы отырыстарында талданып, ұсыныстардың біршамасы алдағы қабылданатын заң жобасында ескерілетін болады, - дейді депутат.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 13-баптың 18-тармақшасында шеттен көшіп келген қандастарға "еңбек қызметі" бойынша зейнетақы тағайындалсын деп белгіленген. 
Бірақ бұл заңда да "Еңбек кодексінде" де "еңбек қызметі" деген ұғым жоқ. "Еңбек өтілі" деген ұғым бар. Енді осы заң бойынша жергілікті азаматтарға "Еңбек өтілі" шеттен көшіп келіп, азаматтық алғандарға "Еңбек қызметі" бойынша зейнетақы тағайындалатын болды. Яғни, барлығы да Қазақстан Республикасының азаматтары бола тұра жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептеуде екі түрлі ұғым пайдаланып, екеуін екіге бөліп қараған. Бұл мәселе алдағы уақытта әзірленетін заңда оң шешімін табуы тиіс, - дейді сенатор.

Екіншісі "Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 68-бабының 7-тармақшасы бойынша "Оралман" мәртебесін алғандар үй кезегіне қатысты жеңілдіктер қарастырылған. 

Бірақ "Оралман" мәртебесінің мерзімі бір жыл болғандықтан, азаматтық алған күні тұрғын үйге қатысты жеңілдіктен айырылып қалады. Сондықтан да көптеген қандасымыздың пәтер кезегі артқа шегеріліп, қайтадан үй кезегіне тұрады. Бұл олардың билікке қатысты өкпе-реніштерін тудырып жатады. Министрлік бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылдауы керек деп ойлаймын, - дейді депутат.

Үшіншісі "Қазақстан Республикасының Босқындар туралы" заңының 1-бабының бірінші тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның туыстарының не жақын туыстарының біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін деген толықтыру енгізуді ұсынған. 

Өйткені соңғы бір жыл ішінде Қытайдағы саяси жағдайға байланысты бес бірдей қандасымыз елге келіп "Босқын" мәртебесін сұраған болатын. Өкінішке қарай, еліміз "Босқындардың жағдайы туралы" конвенцияны ратификациялап, өзіне халықаралық міндеттемелер ала тұра, осы азаматтардың барлығының жақын туыстары Қазақстанда тұрса да, бірде біреуіне "Босқын" мәртебесін бере алмадық. Шетелдегі этникалық қазақтарға табиғи апат, экономикалық немесе саяси дағдарыс, түрлі дискриминациялық жағдайлар туындағанда Қазақстан үкіметі тікелей араласып, қандастардың құқын халықаралық деңгейде қорғай алуға заңдық тұрғыда мүмкіндік жоқ. Бұл ұсыныста келешекте пысықтауды қажет ететін болды, - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Бұған дейін бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келетінін айтқан болатын. Сонымен қатар, Сенат отырысында қандастардың азаматтық алуын жеңілдететін заң қабылданып, Дариға Назарбаева бастаған сенаторлар "оралман" сөзінен бас тартты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы