Сіздің бұл сапарыңыздың бағдарламасы тығыз екен. Қостанай облысына бардыңыз. Бұл - өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы әлеуеті тұрғысынан өте маңызды. Нақты келісімдерге қол жеткізіліпті. Сенбі күні Президенттеріңіз Александр Лукашенкомен сөйлестім. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмастық. Қазақстан үшін Беларусь, шын мәнінде, стратегиялық серіктес әрі одақтас ел. Ынтымақтастығымызды нығайтып, дамыта беру үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздердің қорытындысы Қазақстан мен Беларусь қатынастарының көкжиегін одан әрі кеңейте беруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Әрине, бұл уағдаластықтар бір сәттік емес, сондықтан оған байыппен қарап, жүктелген міндеттемелерді орындауымыз керек. Яғни, бос сөзге малданбай, Сіздің тарапыңыздан және үкіметтер деңгейіндегі келіссөздер барысында айтылған барлық мәселені нақты шешу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко Александр Лукашенконың сәлемін жеткізді және екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының перспективаларына егжей-тегжейлі тоқталды.