Бос орындар жәрмеңкесінде мың жұмыс орны ұсынылды
Павлодар облысында бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастыру жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Осы жолы екі қолға бір күрек тапқысы келетін азаматтар үшін мыңға жуық бос орын ұсынылды.
Жыл басынан бері мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Жастарға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Жандарбек Қабдраштың айтуынша, бұл – халықты жұмыспен қамтуға бағытталған алтыншы жәрмеңке.
Осы жолы 40-тан астам жұмыс беруші келді. Мыңнан астам бос орын бар. олардың ішінде өңірдің ірі өндіріс ошақтары бар. Мұғалімдер мен өзге де білікті мамандарға зәру білім беру ошақтары да болды, - дейді ол.
Жәрмеңкеге кадр тапшылығын көріп отырған мемлекеттік органдар да болды. Мәселен, бүгінде полиция құрылымына білікті мамандар қажет.
Павлодар қалалық полиция басқармасы кадр саясаты бөлімінің бастығы Әйгерім Нұртаеваның айтуынша, шара барысында ізденушілерге бос лауазымдар ұсынылып, құқыққорғау органдарына қабылдау тәртібі түсіндірілді. Болашақ полицейлерге қойылатын талаптар туралы да айтылды.
Өткен жылдың шілдесінен бастап патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы 65%-ға, жедел қызметтерге 55%- ға өсті. Сондай-ақ, тұрғын үй жалдау үшін отбасының әр мүшесіне 20-50 мың теңге аралығында өтемақы қарастырылған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, құқық қорғау органдарының ардагерлері тегін медициналық қызметті пайдаланады, - дейді бөлім бастығы.
Айта кетейік, ішкі істер органдарына түсу үшін кәсіби даярлықтың жаңа қағидаттары мен шарттары бар. Бұл туралы да кеңінен түсінік берілді.